«SUPER АНА & SUPER ӘКЕ» отбасылық сайысы өтті

«SUPER АНА & SUPER ӘКЕ»  отбасылық сайысы өтті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астанадағы №67 «Шұғыла» балабақшасында «SUPER АНА & SUPER ӘКЕ» атты отбасылық спорттық-ойын-сауық сайысы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау.

Мерекелік бағдарлама Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Одан кейін балабақша тәрбиеленушілерінің орындауындағы «Барабан оркестрі» көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар сайысқа қатысушы отбасылар өздерін таныстырып, арнайы дайындаған ұрандарын орындады. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, «Жылдам балапан» кезеңінде ата-аналар мен балалар отбасылық эстафетаға қатысып, ұйымшылдық пен шапшаңдықтарын көрсетті. Ал «Асық PARTY» кезеңінде қатысушылар ұлттық ойын арқылы мергендік пен ептіліктерін сынға салды. Ал, «SUPER АНА – Оқтау тартыс» кезеңінде аналардың күш-жігері мен балаларға деген қамқорлығы көрініс тапса, «SUPER ӘКЕ – Бұқа тартыс» сайысында әкелер өздерінің төзімділігі мен тапқырлығын көрсетті. Ал «Шарды жар!» атты көңілді ойын барысында қатысушылар ән айтып, би билеп, отбасы ұрандарын орындап, мерекелік атмосфераны одан әрі қыздырды.

«Отбасы – бала тәрбиесінің алтын бесігі. Осындай сайыстар арқылы біз ата-аналар мен балалардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, бір-біріне деген құрметі мен сенімін арттыруды көздейміз. Бүгінгі мерекеде әр отбасының белсенділігі мен ынтымағын көрдік. Бұл балалар үшін де, ата-аналар үшін де есте қаларлық ерекше күн болды», – деді балабақша меңгерушісі Махметова Әсел Ғабитқызы. 

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушы отбасылар «Ең ұйымшыл отбасы», «Ең белсенді әке», «Ең мейірімді ана», «Ең көңілді отбасы» номинацияларымен марапатталды. Сондай-ақ, жеңімпаздар мен қатысушыларға мадақтамалар, медальдар және басқа да сыйлықтар берілді. 

Елқуат ЕЛТӨРЕ
04.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25681
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25136
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42553
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38404
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42931