Халықаралық жастар күніне орай Өскемен қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы саябақта өңірдің белсенді жастары бас қосып, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен ашық форматта кездесу өткізді.
Әдетте жастарды елдің болашағы ретінде айтамыз. Алайда бұл кездесуде жиналған жастар – өңірдің болашағын күтіп отырғандар емес, бүгінгі Шығыс Қазақстанның дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтар.
Кенеттен жауған жаңбыр да кездесудің жалғасуына кедергі бола алмады. Ашық аспан астында өткен еркін пікір алмасуға музыканттар мен спортшылар, волонтерлер мен кәсіпкерлер, суретшілер мен блогерлер, жұмысшы мамандықтарының өкілдері, қоғамдық белсенділер мен жас мамандар қатысты.

Кездесуде ұзақ баяндамалар мен дайын мәтіндер болған жоқ. Оның орнына жастарды толғандыратын мәселелер төңірегінде шынайы әрі ашық әңгіме өрбіді.
Тревел-блогер Вячеслав Орлов қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау және жастардың «Таза Қазақстан» бастамасына қатысуы туралы айтты. Волонтер Анель Шарипжанова еріктілер қозғалысындағы тәжірибесімен бөлісті. Спортшы Жасмин Бегалинова спорттың адам бойында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыратынын атап өтті.
Ал Oskemen Hub менеджері Мадияр Молдаканов креативті индустрияларды дамыту мәселесін көтерсе, музыкант Радмир Турсунбеков авторлық музыканы қолдау мен дамыту жөніндегі ойларын ортаға салды. Сонымен қатар жастар кітап оқу, жасанды интеллект, заманауи кітапханалар, экология, туризм, шығармашылық және жастардың өз идеяларын туған өңірінде жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.
Бір алаңда түрлі сала өкілдері жиналды. Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионатының EuroSkills жеңімпазы, теміржол қызметкері, суретші, такси жүргізушісі, экоактивистер, жастар ұйымдары мен волонтерлік жобалардың жетекшілері өз тәжірибелерімен бөлісті. Әрқайсысының өз тарихы, өзекті мәселесі және өңірдің болашағына қатысты өзіндік көзқарасы бар.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бүгінде өңірде 170 мыңға жуық жас азамат тұратынын атап өтті. Оның айтуынша, ең бастысы – әрбір жастың білім, спорт, кәсіпкерлік, шығармашылық немесе қоғамдық қызмет саласында өз орнын тауып, қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау.
_«Бүгінгі жастар – өңірдің болашағы ғана емес, қазіргі дамуына да өз үлесін қосып жүрген азаматтар. Әр жастың өз ісін тауып, бастамасын туған жерінде жүзеге асыруына жағдай жасауымыз керек», – деді Нұрымбет Сақтағанов._
Кездесудің Абай тақырыбымен түйінделуі де символдық мәнге ие болды. Жастарға ұлы ойшылдың «Қара сөздер» шығармасы сыйға тартылды. Бұл – адамның қоғамдағы өз орны мен жауапкершілігі туралы ойлануға үндейтін ерекше сыйлық болды.
Сол күні облыстық Жастар ресурстық орталығына қызметтік автокөлікке сертификат табысталды.
Осылайша, кездесу жастардың басын қосқан кезекті шара ғана емес, өңірдің бүгінгі тынысын қалыптастырып жүрген белсенді азаматтардың пікірін тыңдайтын ашық алаңға айналды. Өйткені Шығыс Қазақстанның өзгерісін күтіп отырған жастар емес, сол өзгерісті бүгіннен бастап өз қолымен жасап жүрген жастар қалыптастырады.
Тәттімбек АСХАНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы














