Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында өскелең ұрпақты кітап оқуға үндеу, кітапқа деген қызығушылығын арттыру бағытындағы шаралар қарқын алуда. Әсіресе, Казталов ауданында балалардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды көздейтін түрлі ауқымды шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Соның бірі – «Мен оқыған 30 кітап» атты дәстүрлі байқау. Биыл Абай күніне орай төртінші мәрте өткізілген аудандық байқау кітаппен достасқан жас өрендердің білімі мен біліктілігін сарапқа салған сайысқа айналды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Биылғы білім додасына аудан мектептерінен 200-ге жуық оқушы қатысып, өздері оқыған шығармалар арқылы әдеби талғамын, таным көкжиегін, ой ұшқырлығын ортаға салды.
Шараның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев жас кітапсүйерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ кітап оқудың жеке тұлғаның қалыптасуындағы айрықша рөліне тоқталып, білім мен ізденісті серік еткен жастың ел болашағындағы орны ерекше екенін атап өтті.

Биылғы байқаудың әділ бағасын берер қазылар алқасының құрамында ел әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңген танымал ақын әрі ұстаз Дариға Мұштанова, кітапхана саласына үлкен еңбек сіңірген «Құрметті кітапханашы» Лаура Бердіғалиева, ақын әрі журналист Қыдырғали Абдрахманов секілді жерлестеріміз болды. Байқаудың ашылу салтанаты мен тестілеу кезеңі аудан орталығындағы А.Оразбаева атындағы мектепте өтсе, марапаттау рәсімі аудандық мәдениет үйінде өтті. Марапаттау рәсіміне аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысып, үміткерлерге ризашылығын білдірді.
– Ұлы Абай:
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге», – дейді. Осы төрт жолдың өзінде адам баласының өмірлік бағыты жатыр. Абай бізге байлықтан бұрын – арды, атақтан бұрын – білімді, ал білімнен бұрын – талапты биік қоюды аманат етті. Ал білімнің сарқылмас бұлағының бірі – кітап. Мемлекет басшысы да ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда білімді, ойлы, зерделі ұрпақ тәрбиелеудің маңызын үнемі айтып келеді. Кітап оқитын, білімге ұмтылатын ұрпақ – елдің интеллектуалдық капиталы. Бүгінгі байқауға аудан мектептерінен 200-ге жуық оқушының қатысуы осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді. Бұл біздің ауданымызда кітапқа құштар, ізденіске бейім буынның қалыптасып келе жатқанының жарқын көрінісі, – деді аудан басшысы.
Байқау қорытындысы бойынша 5-7 сынып оқушылары арасындағы бәсекеде Жаңатаң ауылының оқушысы Жангүл Тілекқабыл І орынға ие болып, оған 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы табысталды. Ал Жангүлдің інісі Сұлтан Тілекқабыл ІІ орынға лайық деп танылып, 70 мың теңге иеленді. Ал казталовтық оқушы Мәдина Аққали ІІІ орынды қанжығасына байлап, 50 мың теңгелік сыйақыны иеленді. Сонымен қатар Төрәлі Еркебұланұлы, Алина Жасқайрат, Жанайым Кенжеғали, Жәнел Кенжеғали, Марғұлан Өтегенов, Зере Максимова, Нұрзада Алтаева, Айжұлдыз Есет, Асылнұр Бақтығали, Айнар Маликова секілді қатысушылар 20 мың теңгелік ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

8-11 сынып оқушылары арасындағы додада І орынға ие болған А.Хұсайынов атындағы мектептің оқушысы Сезім Салауатқызына облыстық және республикалық кезеңдерге тікелей жолдама берілді. Ал ІІ орын Қараөзен мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Жансая Хайруллаға бұйырса, ІІІ орынды Казталов мектеп-лицейінің оқушысы Нұрила Тыныбекова қанағат тұтты. Жүлдегерлер тиісінше 70 мың және 50 мың теңгелік сыйақылармен марапатталды. Бұл кезеңде Ақерке Бақтыгерей, Аяна Ермұхан, Мадина Бахытжан, Дильназ Ғалым, Айымжан Қабошева, Айымжан Бақтыгереева, Диана Ермекова, Аяна Амантаева, Айназ Бақытова, Жанерке Дауылбай сынды үміткерлер ынталандыру сыйлығына ие болды. Байқауға қатысқан өзге де оқушылардың еңбегі ескерусіз қалмай, естелік сыйлықтар табысталды.
– Төрт жылдан бері жалғасып, дәстүрге айналып келе жатқан бұл жобаның Абай күніне сәйкес келуі символикалық үлкен бір үйлесім деп есептеймін. Бұл – Абайдың күніне арнайы ізгілікті іспен жасалған қызмет. Байқауға қатысқан балалар өздерінің оқыған кітаптарын қаншалықты меңгеріп, игеріп, бойларына сіңіргендерін дәлелдеді. Олардың кітапқа деген қызығушылығына, құмарлығына риза болдық. Абайдың да көксегені осы еді. Абай да кітапқұмар болды. Ол туралы да әңгімелер болды. Меніңше, бүгін өте орайы келген жемісті, шырайлы күн болды. «Мен оқыған 30 кітап» жобасы үлкен қозғалысқа айналу керек деп ойлаймын. Президентіміз кітап оқуға бекерге үндеп жүрген жоқ, қоғамдағы келеңсіз көріністердің кітаптан алыстап кеткендігіміздің кесірінен болып жатқанын меңзеп, осыны қолға алып отыр. Сондықтан оны қолдау – ортақ міндет, – деді ақын, ұстаз, қазылар алқасының төрайымы Дариға Ғазезқызы.
– Бүгінгі ұйымдастырылған байқау өте қатты ұнады. Ұйымдастырушыларға көп-көп рақмет айтамын. Осы жобаға қатысу жолында маған көмектескен, үлкен сеніммен қолдаған ұстаздарыма, ата-анама және кітапханашы апайларға алғысым шексіз. Олардың үмітін ақтадым деген ойдамын, – дейді байқау жеңімпазы Сезім Салауатқызы.
«Бұл байқаудың төртінші мәрте өтуі аудан жастарының кітапқа деген қызығушылығының жыл өткен сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінгі кітапсүйер бала күні ертең ізденімпаз маманға, ел ісіне жауапкершілікпен қарайтын азаматқа айналарына сенім мол» дейді ұйымдастырушылар.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы














