Аймақ басшысы мәселенің өзектілігін, бұл туралы бір апта бұрын жиында жан-жақты қаралғанын, сол кезде берілген тапсырманың орындалу барысын сұрады.
Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев жоба бойынша екі ұсыныс қаралғанын жеткізді.
– Жоба үлкен. Техникалық шешімдер қабылауда керек болады,-дей келе облыс әкімі өзінің тиісті орынбасары мен өзге де жауаптыларға ұсыныстар бойынша жан-жақты талдау мен есептеулер жүргізіп, тиімділігі бойынша нақты таңдау жүргізуді тапсырды. Компанияның осы саладағы тәжірибесіне, сапа мен қаржының үнемдеуге қатысты жағдайларға баса назар аудару керектігін ескертті.
Нұржан Нұржігітов нысандағы қазіргі жағдай бойынша қандай шешімдер қабылданып жатқанын сұрады.
Қала әкімі Ержан Жылқыбаев «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС қорытындысын негізге алып және сүзгі алқабында қалдық сулардың шектен тыс көбеюіне байланысты апаттық жағдайдың орын алуы ескеріліп, төтенше жағдай аумағы ретінде қабылдау мәселесі қаралуда екенін атап өтті.
Бүгінде орын алып отырған экологиялық апаттың алдын алу мақсатында қосымша карталар салуға Жамбыл ауданынан 20 га жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда механикалық отряд мекемесі тарапынан имараттың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Облыс әкімі жұмыстарды тезірек бастауға назар аудартып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.