«BI Group» құрылыс компаниясының қолдауымен Тараз қаласына 100 түп сакура ағашы сыйға тартылды.
Бельгиядан жеткізілген сакура көшеттерінің тұқымы еліміздің климатына бейімделуі үшін Шымкент қаласындағы «Ақ қайың» жылыжайында арнайы өсірілген. Мамандар мұндай тәсіл ағаштардың жергілікті ауа райына төзімділігін арттыратындығын айтады.
Сакура көшеттерін Жамбыл Жабаев ескерткіші маңына отырғызу жоспарланып отырған көрінеді. Бұл аумақ алдағы уақытта ерекше эстетикалық келбетке ие болып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін тартымды демалыс орнына айналмақ.
Сакура ағаштары көктем мезгілінде әсем гүлдеп, қала көркін ажарландыра түсері сөзсіз. Сондай-ақ, Тараз қаласының экологиялық ахуалын жақсартып, жасыл желекті аймақтардың қатарын арттыруға өз үлесін қосады деген сенім бар.














