Тараздағы Құмшағал шағын тұрғын алқабында заманауи жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл – жергілікті тұрғындардың көптен күткен қуанышы.
Жаңа нысанның ашулы рәсіміне қатысқан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады.
- Елімізде спорт арқылы ұлт саулығын тұрақты дамыту Мемлекет басшысының басты назарында. Бұл бағытта елімізде барлық жағдай жасалуда. Бүгін ашылып отырған дене шынықтыру-сауықтыру кешені соның айқын дәлелі. Бұл спорт кешені жергілікті тұрғындардың игілігіне қызмет етіп, болашақ әлем чемпиондары мен жүлдегерлердің шығатынына сенімім мол,-деген облыс әкімі жаттықтырушылар мен спортшыларға үлкен үміт артылатынын жеткізді.
Сондай-ақ, өткен жылы өңірімізде спорт саласын дамытуға 14,2 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде ауыл-аймақтарда салынған заманауи спорт нысандары ел игілігіне берілген.
Салтанатты шар барысында Құмшағал алқабының белсендісі, Еңбек ардагері Рахманбек Устаев тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.
Ал, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері Ахмет Жұмағұл мұндай кең әрі жайлы спорт кешендерінде жаттығу – балалалар мен жасөспірімдерге беріліп отырған үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
Жалпы, екі қабатты жаңа спорт нысанында балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы құрылған. Мұнда 7 жастан 17 жасқа дейінгі жасөсіпірімдер спорттың 8 түрі (футбол, баскетбол, волейбол, қазақ күресі, самбо, дзюдо, бокс, кикбоксинг) бойынша жаттығатын болады.
Айта кету керек, өткен жылы өңір аумағында 9 спорт кешені пайдалануға берілсе, осы жылдың соңына дейін тағы 13 нысанның құрылысы толықтай аяқталады деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындардың қатары 492 мыңнан астам адамға немесе облыс тұрғындарының 40,3 пайызынан асып отыр.