Өткен аптада облыстық прокуратура қызметкерлерінің ұйымдастыруымен бастау алған «Сенім маршруты» атты іс-шара ауданымыздан басталғаны белгілі.
Онда облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бастаған прокуратура қызметкерлері аталған іс-шараның мақсаты туралы жан-жақты түсіндірген болатын. Іс-шараға байланысты апта бойы ауданымыздың Бурыл, Қызыл жұлдыз, Түймекент, Үлгілі ауылдық округтерінде құқық қорғау мен атқарушы органдардың қызметкерлері, депутаттар, БАҚ өкілдерінен құралған топ мүшелері ауылдардағы халықпен кездесіп, түйіні шешілмей келе жатқан мәселелер, заң бұзушылықтар, оның алдын алу туралы айтып, жекелеген азаматтардың арыз-шағымдарының негізінде жеке қабылдаулар жүргізген болатын. Аталған кездесулердің қорытындысы бойынша облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бастаған прокуратура қызметкерлері апта басында ауданымызға қайта қайырылып, аудан әкімдігінде кезекті алқа мәжілісін өткізді.
Мәжіліске аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудан прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ербол Сыздықов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ауыл, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімдігінің қызметкерлері мен жастар қатысты. -Біз өткен аптада берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқаны, арнайы топ мүшелері болған 4 ауылдық округтегі жағдайдың барысы туралы зерттеу жұмыстарын қорытындылау үшін келіп отырмыз. Ауданда жағдай тұрақты болғанымен, қылмыс 45 пайызға өскен. Ауылдарда біраз мәселелер көтерілген. Енді оны шешіп, құқық бұзушылықтың алдын алып отыруымыз керек, – деді алқа мәжілісін ашқан облыс прокуроры Н.Әбдіров. Облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Сенім маршруты» іс-шарасы аясында сәуір айының 6-7 күндері ауданымыздың Бурыл, Түймекент, Қызыл жұлдыз, Үлгілі ауылдық округтерінде болып, халықпен өткізген кездесулері туралы облыстық прокуратура аппараты басшысының міндетін атқарушы Сержан Әбдіқұлов баяндады. -Біздің мақсатымыз – ауылдарды аралап, халықпен кездесу өткізу, аудандағы құқық бұзушылыққа байланысты зерделеу жұмыстарын жүргізу болатын. Онда түйіні шешілмей жүрген заң бұзушылықтар, азаматтардың қайталама арыз-шағымдары негізінде жеке қабылдаулар жүргізіп, қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілді. Ауданда жағдай тұрақты, халықтармен кездесу барысында көтерілген сұрақтардың басым көпшілгі жер мәселесіне байланысты болды. Түймекент ауылында болғанымызда халықтың ауылдық полицияның учаскелік өкіліне деген сенімінің төмен екендігі, оның өзіне қатысты профилактикалық жұмыстарды өз деңгейінде жасамайтындығы айтылды. Оған дәлел аталған округтің көптеген жастары қаңтар айындағы тәртіпсіздікке қатысып, оның үшеуі осы оқиға бойынша қамаққа алынған. Бурыл ауылы бойынша Байзақ датқа көшесін жеке кәсіпкер Мұрат Базылбеков жауып, халыққа ыңғайсыз жағдай тудырған. Бұл мәселені шешу туралы аудандық мәслихат пен округ әкіміне ұсыным берілді.
Аталған округте қылмыстың саны 11-ден 29-ға өскен. Оның ішінде 1 ауыр қылмыс (кісі өлтіру), 5 ұрлық, 20 алаяқтық бар. Қызыл жұлдыз ауылдық округінде қылмыстардың саны 0-ден 3-ке өскен. Оның біреуі аса ауыр қылмыс (кісі өлтіру) екенін айта кеткен жөн. Міне мұның барлығы профилактикалық жұмыстардың өз дәрежесінде жүргізілмейтіндігін көрсетеді. Криминогендік жағдайға тоқталатын болсақ, аудандағы тіркелген қылмыстар 45,2 пайызға (73-тен -106-ға), оның ішінде қылмыстар 45,6 пайызға (68-ден-99-ға), қылмыстық теріс қылықтар 40 пайызға (5-тен-7-ге) өскен. Бұл ретте аудан көлемінде тіркелген қылмыстардың тұрақты өсу динамикасы 2019 жылдан бастап орын алғандығы байқалып отыр. Аса ауыр қылмыстар 200 пайызға (1-ден 3-ке), ауыр қылмыстар 50 пайызға (22-ден 33-ке), ауырлығы онша емес қылмыстар 135,7 пайызға (14-тен-33-ке) өскен. Бұл жерде кісі өлтіру 200 (1 ден-3-ке), есірткімен байланысты 33,3 (6-ден-8-ге), алаяқтық 241,7 пайызға (12-ден-41-ге) өскені көрініп тұр. Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар (2/2), отбасы – тұрмыстық саладағы қылмыстар (1/1), ұрлық (16/16), зорлау (1/1), қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар (5/5) бір деңгейде қалып отыр. Алқа мәжілісінде өз салалары бойынша биылғы атқарылған жұмыстары туралы аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ербол Сыздықов, Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Әшірбеков, аудандық кірістер басқармасының басшысы Нұрзат Егесинов, Бурыл, Қызыл жұлдыз, Түймекент ауылдық округтеріндегі учаскелік полиция инспекторлары Айдын Қорғанбай, Сағи Нұрғожаев, Бекнұр Омаровтар хабарлама жасады, өздеріне қойылған сұрақтарға жауап берді. -Облыстық прокуратура тарапынан жақсы бастама көтеріліп отыр. Мұның бізге пайдасы көп. Округтерде халыққа жақсы жағдай жасалған. Округ әкімдері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе жұмыс істеулері керек. Бізде жерге байланысты туындап жатқан мәселелер көп. Ал аудандағы қылмыс санының артуы қаңтардағы тәртіпсіздікке байланысты болып отыр. Кемшіліктерді жоюға жұмыс жасайтын боламыз,- деді аудан әкімі Бақыт Қазанбасов. -Біз сіздерге көмек көрсету үшін келдік. Қандайда бір қиын мәселе туындаса да оны шешудің жолдары табылады. Ауданның шамасы жетпесе оданда жоғары органдарға шығуға болады. Ең бастысы – өтірік мәлімет беруге болмайды. Әрбір ауылдардағы тәртіпке байланысты мәселелерді анықтау керек. Тәртіп бұзушылықтың алдын алған жөн. Бұл ретте округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторларына жүктелер міндет зор. Проблемалық мәселелер туындаса алдымен ауылда, болмаса аудан әкімдігі жанындағы тиісті комиссияға ұсыну керек. Осы комиссияны аудан әкімі басқарып, құрамында зиялы қауым өкілдері, депутаттар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғамдық ұйым жетекшілері қамтылса салмақты болар еді. Азаматтар тергеуге, қылмыстың ашылуына наразылық білдіріп жатады. Осыдан барып сенімсіздік туындайды. Түскен арыздар уақтылы қабылданып, қаралуы керек. Ауданда айыппұлдардың өндірілуі де төменгі жағдайда. Онымен де жұмыс жүргізуіміз қажет. Ең бастысы – қай ауылда болмасын тәртіп болса, сол ауылда жұмыс жүреді, табысқа да қол жетеді. Демек, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеген дұрыс болады. Тексерудің қорытындысы бойынша біршама ескертулер айтылып, тапсырмалар берілді. Енді осыдан қорытынды шығарылып, ауданда тәртіп мәселесі жолға қойылады деп сенеміз, – деді облыс прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы қорытынды сөзінде.
|