Бүгін Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілді.
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Акцияның мақсаты қоршаған ортаны қорғау, оны таза ұстап, туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту, жасыл желекті көбейтіп, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру болса, бүгінгі облыс бойынша өткізілген акцияға облыс тұрғындары мен белсенді жастар туған жерді көркейтуге өз үлестерін қосты.
Тараз қаласында болып өткен акция аясында Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ашылу салтанаты өткізіліп, 300-ден астам жастар «Қарахан» мазары мен «Қызылабад» елді мекенінде 1000-нан астам ағаш көшеттерін екті.

Сонымен бірге, акцияға қолдау көрсету мақсатында Тараз қаласының «Жібек Жолы» ауданының тұрғындары өздерінің аулаларын қоқыстан тазартып, ағаштар отырғызды.
Осындай акциялар облыстың барлық аудандарында өткізілуде. Айталық, «Таза қала», «Жасыл қала», «Таза аймақ», «Болашақты бірге отырғызамыз» акциялары туған жерді абаттандыруға, көріктендіруге бағытталып отыр.
Жыл басынан бері облыста акция аясында 818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары, 4,5 мың шақырым көшелер тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды. 70 мыңға жуық ағаш егіліп, 2,4 мың ағаш санитарлық бұталанды. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға 900-ден астам техника жұмылдырылды.
Мұндай тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.