Президентіміз «Таза Қазақстан» бағдарламасы арқылы тұщы су мәселесіне назар аударып келеді. Себебі осынау халқымыз үшін ең өзекті ауа мен суды көздің қарашығындай сақтамасақ, экология асқына береді. Мемлекетіміздің үлкен өзен бастаулары көршілес мемлекетке тәуелдіміз. Сондықтан жерасты суларына терең мән беріп, болашақ ұрпақтың қарғысына қалмауды осы бастан ойлауымыз керек. Кезінде табиғи байлықтың мол қоры бар деп бүкіл дүние жүзіне мақтандық. Енді соның 70 пайызын сақтап, шетелдік инвесторларға бере беруді тоқтатпасақ, тұщы су қорына залал тигізетін ел басшылары есінен еш уақытта шығармау керек. Соңғы екі-үш жылда Қытай инвесторлары көптеп келе бастады. Әрине, көрші мемлекеттермен дос болып, теңдей сыйласып ұлт мүддесіне сатқындық жасамай, араласып жатсақ, шүкір. Келген инвесторлар әртүрлі зауыт-фабрикалар саларда алдын ала қандай келісімшарттар жасалады? Бір-екі жыл бұрын осы зауытта жұмыс істейтін инженерлерді оқытып алдын ала даярлай ма? Өндірілген өнімнің 60 пайызы елімізде қала ма? Ал сол зауытты жерімен он-он бес жылда өзімізге қалдырып кете ме? Осы зауыттар салына бастағаннан біздің мамандар мен журналистер күнделікті көріп-біліп, тексере ала ма? Ұлт мүддесі үшін аса қажетті осынау тәсілдер елімізде орын алып отырған, клептократиялық жүйе толық жойылмай тағы мүмкін емес. Басы Алатау етегінен, аяғы Бетпақ далаға дейін көсіліп жатқан Мойынқұм алқабы ежелден қазақ еліне, малына құтты қоныс еді. Кез келген жерін қазсаң, екі-үш метр жерден мөлдіреп тұщы су шығып жататын. Жері шүйгін осы жердің едәуір бөлігінен газ-уран, басқа да кен орындарын өндіре бастады. Жергілікті тұрғындар баяғыдай шүйгін шөп селдіреп, жер-асты сулары төмендеді деп қынжылып жатыр. Талас ауданында Үшарал тоғысқан жерлерінің Талас және Аса өзенінің қиылысындағы малға қолайлы жер астында суы мол жердің бәрін Қытай инвесторлары сатып алып қойды. Кеңес кезіндегі зерттеулерде уақытша тыйым салынған ұшақ керосині мен алтын кен орындарының мол қоры бар екендігі анықталған. Міне, осының бәрін жауапты орындағылар терең зерттеп, болашақта өкініп қалмас үшін халқымызға адал қызмет істесе деген ой ғой біздікі.
Әбітбек ЖАҢБЫРШИЕВ,
Жамбыл облысы














