Тазалықты ту еткен Тараздың «Жасыл елі»

Тазалықты ту еткен Тараздың «Жасыл елі»

Кез келген шаһардың көшелері көктем мен жаз мезгілдерінде көркейіп, көз тартар келбетке енетіні заңдылық. Жасыл желекпен көмкерілген саябақтар, гүлмен сәнделген гүлзарлар, суарылған ағаштар мен тазалық сақталған көшелер – бәрі-бәрі көрікті қаланың тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Осы бір үйлесімділік пен тазалықтың артында тынымсыз еңбек, ауқымды жұмыс жатыр. Бұл – «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаланың игілігі үшін күн сайын атқарып жатқан қыруар қызметінің нәтижесі.

1998 жылдан бері Тараз қаласының коммуналдық жүйесі мен көгалдандыру саласында қызмет көрсетіп келе жатқан «Жасыл ел – Тараз» ЖШС – өңірдегі ең ірі еңбек ұжымдарының бірі. Мекеме қаланың тазалығы мен көріктенуіне, инфрақұрылымдық жүйелердің дұрыс жұмыс істеуіне айрықша үлес қосып келеді. Мұнда бүгінгі таңда 949 адам еңбек етеді. Оның ішінде әкімшілік-басқару саласында 23 қызметкер, ал өндірістік бағытта жүргізушілер, күзетшілер және жұмысшылар – 343 адам. Сонымен қатар, келісімшарт негізінде 353, қоғамдық жұмысшылар қатарында 230 адам жұмысқа тартылған. Орташа айлық жалақы – 247 580 теңге. Серіктестік басшысы Елмұрат Сырғашевтың айтуынша, жұмысшыларға бір мезгіл тегін түскі ас беріліп, мекеме қызметкерлері арнайы көлікпен тегін тасымалданады. Бұл – әлеуметтік қолдаудың бір түрі.

2022 жылы мекеме «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңына сәйкес төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мақсатында оңалту рәсімінен өтіп, нәтижесінде 2023 жылы жалпы 1,2 млрд теңге көлеміндегі берешекті өтеген. Бүгінде мекеме «Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөліміне» қарайды, ал уәкілетті орган ретінде «Тараз қаласы әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі» белгіленген. Биылғы жылдың алғашқы жартысында серіктестік 103 млн теңге көлемінде таза пайда түсірсе, дебиторлық берешек – 268,1 млн, кредиторлық қарыз – 1,3 млрд теңгені құраған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша – 1,88 млрд, меншікті табыс есебінен 329,4 млн теңге кіріс түскен.

2023 жылы Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген аудит нәтижесінде серіктестіктің салықтық берешегі 216 млн теңгеден асатыны анықталған. Бұған салықты дұрыс есептемеу, уақытылы төлемеу себеп болған. Мәселен, 2022 жылдың алғашқы жартысында анықталған бұзушылық сомасы – 10,3 млн теңге болса, екінші жартысында – 15,3 млн, ал 2023 жылы 135,1 млн теңгені құраған. Бұл салық есебіндегі кемшіліктерді жою қажет екенін көрсетеді. Сонымен қатар, бұрынғы басшылықтың кезінде мекеме балансындағы техниканың жөндеу жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Жаңа басшылық бұл бағытта нақты қадамдарға барып, арнайы техникаларды жалға алу, олардың тиімділігін арттыру жұмыстарын қолға алған.

Тал егу мен көгалдандыру – мекеменің басты міндеттерінің бірі. Биыл ғана қала аумағына 10 000-нан астам жапырақты ағаш, 219 қылқан жапырақты ағаш және 2 569 сәндік ағаш көшеттері отырғызылған. Сонымен қатар, қаланың гүлзарларына 10 500 шаршы метр жерге гүлдер егілсе, 5 000 раушан гүл мен 370 000 жаздық гүл егілген. «Қызылабад» шағынауданында жасыл белдеу қалыптастыру үшін 50 гектар аумаққа ағаш көшеттері егілген. 5 330 шаршы метр көгал себілген. Қазіргі таңда қала бойынша 42 саябақ пен скверге күтім жасалып, 800 000 шаршы метр көгал суарылуда.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін апатты жағдайдағы, қураған ағаштар кесіліп, орнына жаңасы отырғызылуда. Жыл басынан бері 6 000-нан астам бұтақ кесілсе, 2 000-нан астам ағаш балақталған. Абай даңғылы мен қаладағы басқа көшелерде жасыл қоршаулар мен ағаштар арнайы техникамен суарылып келеді. Қаланы көркейтіп қана қоймай, апатты жағдайлардың алдын алуға бағытталған бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қалада 987 мың шаршы метр жерге шөп орылып, арықтар күл-қоқыстан тазартылған. 62 көшеге күн сайын жуу жұмыстары жүргізіледі.

Қала бойынша 1 600 қоқыс жәшігі орнатылған. Соның ішінде 300-ге жуығы жаңартуды қажет етеді. Қатты тұрмыстық қалдықтар күнделікті шығарылады. Алайда тұрғындардың бейқамдығы салдарынан жаңа тазаланған жер қайта ластанып үлгереді. Бұл жөнінде мекеме директоры: «Біздің қызметкерлер белгілі бір аумақты тазалаған соң, арада көп уақыт өтпей, сол жерге қайта қоқыс тасталады. Артынша бізге арыз түсіп, әлеуметтік желіде сын жазылады. Бұл – әділетсіз жағдай. Қала тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік», – дейді.

Мекеме басшылығының айтуынша, қазіргі таңда қоқыс өңдеу зауытын салу мәселесі өткір тұр. Қайта өңделетін қалдықтарды тиімді пайдалану – экологиялық және экономикалық тұрғыдан маңызды қадам. Қазірдің өзінде тұрмыстық қалдық көлемі жыл сайын артып келеді. Сол себепті мекеме заманауи қоқыс өңдеу кешенін құруды көздеп отыр.

Әрине, бұл – мекеме атқарған жұмыстардың бір парасы ғана. Қаланың көркіне көрік қосып, табиғатпен үйлесімде дамыған жасыл орта қалыптастыру – келешекке бағытталған мақсат. Бірақ бұл іске тек бір мекеме ғана жауапты деуге болмайды. Әр тұрғын тазалыққа бей-жай қарамай, қаланың көркеюіне өз үлесін қосса, Тараз тек тарихымен емес, тазалығымен де үлгі боларлық шаһарға айналары сөзсіз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

07.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16381
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31558
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30175
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33770