Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астанада өткен концерт кезінде 12 000 көрермен Қазақстанның Әнұранын орындады.
Ретро-фестиваль барысында «Барыс Арена» спорт кешенінде бір мезгілде 12 000 адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады. Бұл жарқын әрі шабыттандыратын оқиға барлық жастағы көрерменді бір арнада тоғыстырып, бірлік пен патриотизмнің символына айналды.
Астана қаласындағы №29 орта мектебінің 700 оқушысы ұстаздармен қосылып, «Мен қазақпын» әнін хормен орындағаны да тарих бетінде қатталып қалары анық.
Оқушылардың патриоттық сезімін ояту мақсатында ұйымдастырылған бұл челлендж республиканың басқа қалаларындағы оқушыларға жолданды. Елордалық оқушылар хормен ән айтуды әр мерекеде дәстүрге айналдырып, ұлттық әндерді шырқап келеді. Мұндай іс-шаралар алдағы күндері де жалғасын таппақ.
«Бұл іс-шараға 1-11 қазақ сыныбының оқушылары қатысып отыр. Әнді таңдау қиынға соққан жоқ. Себебі бұл ән тілге жеңіл, жүрекке жақын», – деді мектеп директоры Айжан Мәметхан.
Айта кетсек, сарбаздардың орындауынан бөлек, көпшілікке кеңінен таралған «Мен қазақпын» патриоттық әнінің сөзін ақын Нұржан Өмірбай, әнін сазгер Жарасхан Төлебай жазған.
Ең қызығы, астаналық оқушылар құрастырған ақылды робот (Есімі – Темірбек) қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтағаны болды. Ақылды робот сөйлей алады, сұрақтарға жауап бере алады. Айта кетсек, Астана қаласының М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының 7-11 сынып оқушылары ақылды робот Темірбекті құрастырып шығарған болатын.
Оқушылардың айтуынша, олардың оқу үлгерімін жақсартуға өздері құрастырып шығарған робот ерекше мотивация береді. Сондай-ақ өзара байланыс ретінде пайдаланудағы тиімділігі де байқалған.