Еліміз «жаңа Қазақстан» болып жаңа жүйеге көш бастады. Елдегі үлкен өзгерістер көптеген нәтижелі игі істерге әкелеріне нық сеніммен қараймыз. Соның бірі – тіл мәселесі.
Дамудың даңғыл жолына бағыт алған елімізде барлық жұмыстар өз ана тілімізде атқарылса, келіссөздер мемлекеттік тілде жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бағыттағы іс-шараларды халық көп жүретінқоғамдық орындардан бастасақ, бұл нәтижеге жол бастайтын жаңа бағыттың нышаны деп білемін.
Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, ажырамас белгісі. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі ол тіл сол мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Түптеп келгенде, ол – өңірдің, елдің ұлттық қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылығы мен интеллектуалды даму мәселесі. Ал бұл істің шешуі шыдамдылық пен табандылықты талап етеді және тілді үйрету зорлықпен емес, шынайы ынтамен ыңғайланатын шаруа. Мемлекеттік тілді білу – кәсіби талап.
Елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Кез келген салада өзге тілді құрметтеу және өз мәдениетін сақтау үшін, өз тілдерінде жұмыс атқарады. Әрқашан елім деп соғар ұрпақтың тілге деген құрметі мәңгі сөнбеуі керек деп білемін.