Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов түрік компаниясы Tiryaki Agro-ның өңірлік директоры Коксал Салих Юлдузбен жұмыс барысында кездесу өткізді. Аталмыш шара барысында тараптар өңірде ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру және ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласын дамыту мәселелерін талқылады.
Жоба аясында халықаралық агрохолдинг Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында заманауи май өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Бұл нысан өңірдің өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамытуға және ауылшаруашылығы шикізатын терең өңдеу мүмкіндігін арттыруға бағытталады.
Кәсіпорын күнбағыс, рапс және зығыр майын өндіруге маманданады. Жоспарланған өндірістік қуат тәулігіне 1 500 тоннаға дейін жетеді, бұл жобаның ауқымдылығын және оның өңір үшін стратегиялық маңызын көрсетеді.
Солтүстік Қазақстан облысы елімізде дәнді және майлы дақылдар өндіру бойынша жетекші орындардың бірін иеленеді. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар мен дамыған ауылшаруашылығы өңірдің өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамытуға зор мүмкіндік береді.
Аталған жобаның іске асырылуы тек өңделетін өнім көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту деңгейін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
Сонымен қатар, жаңа кәсіпорынның іске қосылуы көлік-логистика, сақтау және шикізатты өңдеу сияқты ілеспе салалардың дамуына серпін береді. Бұл өңір экономикасына қосымша мультипликативті әсер етеді.
Облыс әкімінің айтуынша, бұл жоба өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту бойынша стратегиялық басымдықтарына толық сәйкес келеді. Сондай-ақ, халықаралық компаниялардың қатысуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, оның халықаралық деңгейдегі беделін нығайтады.
Жалпы алғанда, Tiryaki Agro жобасы Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға елеулі үлес қосып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, ұзақ мерзімді тұрақты экономикалық өсімге жол ашады.
Нұрсайын ШӘРІП,
Солтүстік Қазақстан облысы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
материалдары бойынша әзірленді














