1998 жылдан басталатын бұл мереке биыл 19 маусымда аталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап: «Адамгершілік пен ізгілік мұраттарына қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Қоғамымыз дәрігер парызының ерекше мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде. Көптеген дарынды жастар осы мамандықты игеруге ұмтылып жатыр», – деді. Қ.Тоқаев мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқандығын да атап өтті. Осы орайда, елордада қала медицинасын дамытуға қосқан үлесі үшін денсаулық сақтау саласының 30-дан астам қызметкері дипломдармен және төсбелгілермен марапатталды. Сондай-ақ, 8 номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға 1 млн теңгеден ақшалай сертификат және bestdoctor. kz медициналық ақпараттық порталының лимиттелген атаулы белгілері табысталды. Марапаттау рәсіміне қала әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ұлттық және республикалық ұйымдардың, қала мәслихатының өкілдері қатысты.