Соңғы жылдары әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар жаһандық энергетика нарығына ерекше әсер етіп, мұнай-газ саласында импортқа тәуелді елдерді тығырыққа тіреп қойды. Мұның ішінде 2022 жылы 24 ақпанда басталған Ресей-Украина арасындағы соғыстың әсері айтарлықтай зор болды. Ресейдің басқыншылық соғысына қарсылық танытып үлгерген Еуропа елдері жылдар бойы қалыптасқан арнасын өзгертіп, АҚШ, Катар және Алжирден келетін сұйытылған табиғи газға тәуелді бола түсті. Сонымен қатар жаңа энергия көздерін дамытуға, балама тәсілдер ойлап табуға кірісіп жатты. Жығылғанға жұдырық болып тиген Таяу Шығыстағы соғыстар бұл тапшылықты тіпті үдетіп жіберді. Осылайша, әлемдік энергетика саласында бағаның құбылуы, жеткізу тізбегінің өзгеруі және энергия қауіпсіздігі дағдарысы туындады. Мұндай өзгерістер алыста жатып, айналасының барлығын әбігерге салуды дағдысына айналдырған АҚШ-ты да айналып өткен жоқ. Азуын айға білеген Құрама Штаттар елі АҚШ-тың өзі соңғы кезде жанармай тапшылығын сезіне бастапты. Осындай қысылтаяң сәтте тығырықтан шығудың жолын саудагер Президент оңай тапқан сыңайлы...
Ормуздағы өзгерістердің де таяу арада қалпына келетін түрі жоқ. Осылайша, АҚШ президенті Дональд Трамп еліндегі тапшылықты шешу үшін бірнеше жылдан бергі ұстанымына жалт бұрылып, Ресейден дизель отынын (солярка) импорттауды жоспарлап отырғанын ашық айтып шықты. Трамптың бұл жоспары бірден қарсылыққа тап болуда. Ал ондай «күңкіл-сүңкілдердің» әсері бола ма, жоқ па, ол алдағы күннің еншісінде.
Трамп жұма, 9 қазан күні әлеуметтік желідегі парақшасында Ресей президенті Владимир Путин «АҚШ пен жаһандық нарыққа» дереу 300 мың тонна дизель отынын шығаруға келіскенін, кейінірек тағы бірнеше партия жеткізілетінін мәлімдеді. Ол осыдан бірнеше апта бұрын АҚШ Ресейдің мұнайы мен табиғи газын импорттайтын елдерге жаңа санкциялар мен баж салығын салуға рұқсат беретін заң жобасына қол қойған еді. Трамптың бұлай құбылып шыққаны кейбір республикашылдар мен Демократиялық партия өкілдерінің сынына ұшырады. Олар бұл келісімді заң бұзушылық деп атап, оны райынан қайтуға үндеп жатыр. 11 қазан күні төрт республикашыл және үш демократ сенатордан құралған жеті адамдық топ бұл келісімнің АҚШ заңнамасына қайшы келетінін мәлімдеп, Трампты «бағытынан қайтуға» шақырды. Заң шығарушылар: «Ресей Украинаның бейбіт тұрғындарын өлтіруді жалғастырып жатқанда, АҚШ Путинге қаржылық көмек қолын созбауы керек», – деді. Олар сондай-ақ Конгресс «АҚШ қаражатының Путиннің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан қатыгез соғысын қаржыландыруына жол бермеу үшін 2022 жылы Ресейден энергия тасымалдаушыларды импорттауға нақты тыйым салғанын» толықтырып өтті. Бұл мәлімдемеге екі партиядан жалпы жеті адам қол қойған. Дегенмен, Трамптың бұл шешіміне депутаттардың барлығы қарсы болмаған дейді батыс басылымдары. Көптеген мәселелер бойынша Трамппен келіспеушілік танытып келген республикашыл Томас Мэсси (Thomas Massie) АҚШ-тың барлық мұнай өнімдеріне салынған санкцияларды жоюы керек екенін мәлімдеді.
Трамптың Қаржы министрі Скотт Бессент (Scott Bessent) Fox News арнасына берген сұхбатында бұл келісім АҚШ-тың қолданыстағы заңдық арналары арқылы бағаны төмендетуге көмектесетінін және Конгресте бұл келісімнің пайдасы жоқ деп айтатындардың барлығы қателесетінін жеткізді.
Трамптың айтуынша, орыстар алғашында 300 мың тонна дизель жібермек екен. Осылай басталған соң, қараша айында 500 мың тонна, содан кейін тағы 1 млн тонна дизель жеткізуге келіскен сыңайлы. Сонымен қатар екі ел арасындағы жалғасып жатқан соғыста Украинаның шабуылына ұшыраған мұнай өңдеу зауыттарының жағдайына байланысты «жақын арада» тағы 3 млн тонна мұнай жеткізілмек. Ресей Премьер-министрінің орынбасары Александр Новак ресми ТАСС агенттігіне бұл көрсеткіштерді растап, болашақта экспорт көлемі айына 3 миллион тоннаға жетуі мүмкін екенін білдірді.
«Америкалықтар үшін, әсіресе біздің ұлы фермерлеріміз, малшыларымыз бен жүк көлігі жүргізушілеріміз үшін бағаны төмендету – менің басты басымдығым», – деп жазды Трамп «TRUTH Social» әлеуметтік желісіндегі жазбасында. Ол сонымен қоса Украина Президенті Зеленскийге қарата ренішті көңіл күйлерін де жасырған жоқ. Әрі Украинада президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын да ашық білдіріп қойды. Сонымен қатар, Трамп жексенбі күні Ресей мен Украинаның «энергетикалық атысты тоқтату» туралы келісімге келгенін жариялады, бірақ бұдан былайғы егжей-тегжейлі мәліметтерді ашпады. Украина Президенті Зеленский бұл жаңалықты құптағанымен, Мәскеу тарапы бұған қатысты ешқандай жауап қатқан жоқ.
Келісімнің бір бөлігі ретінде АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің дизель экспортына салынған санкцияларды 2027 жылдың 7 сәуіріне дейін тоқтата тұратыны белгілі болды, бірақ АҚШ банктеріндегі басқа активтер сияқты дүниелері бұғатталған күйінде қалады.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл келісімді Путинге жасалған үлкен сыйлық деп атап, мұны «аяқталуы тиіс соғысқа инвестиция құюмен» теңестірді. Бұл шешім Канада Премьер-министрі Марк Карни (Mark Carney) мен Ұлыбритания Қорғаныс министрі Вес Стритингтің (Wes Streeting) сынына ұшырады. Вес Стритинг АҚШ пен Украинаның өзге де одақтастары соғысты тоқтату үшін Ресейге қысымды күшейтуге баса назар аударуы керек деп мәлімдеді.
Өкінішке қарай, өз мүддесіне келгенде барлық уәделерінен тайқып шығатын Доналд Трампты Украинадағы жағдай еш алаңдатпайтын секілді. Оған ішкі нарықты тұрақтандыру барлығынан маңызды болып шықты. Мұны да түсінуге болатын шығар... Ғаламтор бетін ақтарып отырып, Америкалық автомобиль қауымдастығының мәліметін көзіміз шалды. Онда қазіргі уақытта АҚШ-та дизель отынының орташа бағасы бір галлон үшін 6,28 долларды (бір литріне 1,66 доллар, яғни 13 қазандағы бағам бойынша 749,17 теңге мөлшерінде) құрайтыны айтылыпты.
Кейбір сарапшылар Ресейдің мұндай үлкен көлемде дизель отынын жеткізуге қауқары бар ма және бұл қадам америкалық тұтынушылардың баға қысымын қаншалықты жеңілдетеді деген мәселеге күмән келтіреді. АҚШ күніне шамамен 3,6 миллион баррель дизель отынын тұтынады, сондықтан Ресей осы айда уәде етілген 300 мың тонна дизель отынын жеткізген күннің өзінде, бұл АҚШ-тың бір күндік тұтыну көлемінің жартысына жуығын ғана құрайды, – дейді АҚШ басылымдары.
PS: Бұл тосын жаңалықты жан-жақты талдап жатқан адамдар Трамптың Ресейден жанармай сатып алуы украиналықтар үшін тиімсіз болуы мүмкін деп болжап отыр. Трамп Зеленскийге ендігәрі Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамау туралы ескерту берген. Трамп өз ұсынысы орындалмаған жағдайда Украинаға қажетті қару-жарақтарды бермей, тарықтырып қоюы да мүмкін. Ал бұл майдан шебіне қандай өзгерістер әкелерін болжау қиын.














