Соңғы жылдары жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынына қарасақ, аудан экономикасының дамуында осы салада жақсы үрдістің барына куә боламыз. Құрылыстың көбеюі әлеуметтік мәселелерді шешіп, бой көтерген тұрғын үйлер, жаңа мектептер мен балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, демалыс орындары жергілікті тұрғындардың игілігіне жарап, жұмыссыздық деңгейінің азаюына да өз үлесін қосып жатқаны сөзсіз. Өткен жылдағыдай биыл да ауданда осындай оңды жұмыстар жалғасын тауып, бірқатар маңызды нысандардың іргетасы қалануда.
Баспана мәселесі шешілуде
Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудың негізгі көрсеткіштерінің бірі тұрғын үймен қамтамасыз ету екені белгілі. Осы ретте Т.Рысқұлов ауданында жер телімдері беріліп, биыл бірқатар тұрғын үйлердің құрылысы ауқымды түрде жүргізілуде.
Мәселен, “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында Арай тұрғын үй алқабында салынып жатқан І тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, инфрақұрылымдарды тарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал ІІ көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Тұрғызылып жатқан тұрғын үйдің кәріз жүйесі жүргізу және ауыз су құрылысы жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жұмыстың уақытылы әрі сапалы аяқталуы ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланғанын, жұмыстар толығымен аяқталған соң жаңа аудандағы жаңа үйден пәтер алу бақыты үй кезегінде көп жылдан бері тұрған аудан тұрғындарының игілігіне берілетінін айтты.
Сонымен қатар, Луговой ауылындағы 130 га тұрғын үй алқабына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда 1 және 2 кезектегі тұрғын алқаптарының электр желісінің құрылысы және құрылыс – монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Екінші кезектегі электр желісінің құрылысы 100%-ға толық аяқталса, бірінші кезектегі электр желісінің құрылысы 80%-ды құрап, құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысқан аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы аталған нысандағы жұмыстар толығымен аяқталған соң ауыл тұрғындарына кезекке сәйкес берілетін айтты.
25 және 15 келушіге арналған екі бірдей дәрігерлік амбулатория салынып жатыр
Т.Рысқұлов ауданында тұрғын үйлердің құрылысынан бөлек, әлеуметтік ғимараттардың құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде. Биыл ауданда екі бірдей елдімекенде дәрігерлік амбулатория салынуда.
Бірі 3000-ға жуық халқы бар Жаңатұрмыс ауылында заманауи медициналық мекеме 25 адамға арналса, Көкдөнен ауылдық округіне қарасты Жақсылық ауылындағы дәрігерлік амбулатория 15 келушіні қабылдай алатын болады. Қос нысан "Ауыл ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде.
Қос амбулаторияның құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы ауыл тұрғындарының көптен күткен бұл нысандар халық игілігіне ағымдағы жылдың тамыз айында берілетінін, медициналық нысан халықтың көңілінен шығып, құрылыс ережелеріне сай болуын маңыздылығын жеткізді.
Айта кететіні, осылайша ауданда барлық елдімекендер жергілікті дәрігерлік амбулаториялармен толығымен қамтамасыз етілетін болады.
Жаңа білім ошағы қолданысқа берілетін болады
Ауданның әлеуеті артып, өсіп-өркендеуімен қатар, халық саны да едәуір артуда. Бұл ретте жылдан-жылға өсіп келе жатқан тұрғындардың сапалы міндетті орта білімге деген қажеттілігін өтеу маңызды екені белгілі.
Осы орайда, бүгінде ауданда тағы бір білім ошағы бой көтеруде. 20 мыңға жуық халқы бар Құлан ауылдық округінің халқы үшін қуанышты жаңалық - 300 орынға арналған жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Нысан 2023 жылға өтпелі болып табылады.
Арай тұрғын үй алқабында құрылысы бастау алған жаңа мектептің құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы жұмыстың жүргізілу барысы туралы бірқатар тапсырмалар беріп, үш қабатты жаңа білім ошағы заманауи талаптарға сай, қажетті барлық жабдығымен жасақталатынын айтты.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы ауданда 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Алғабас ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі, Құлан мектеп-гимназиясы және Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебінде жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстардың барысымен танысты. Білім ошақтарына арнайы барып көрген аудан басшысы жауапты сала басшыларына және мердігерлерге жұмыстың сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет екенін, жөндеу жұмыстары барлық талаптарға сай жүргізілуі қажет екенін айтты.
Аталған екі мектептің күрделі жөндеу жұмыстары “Ауыл - ел бесігі” жобасы аясында, бір мектеп облыстық бюджет есебінен жүзеге асатын болады.
Ауданда алғашқы модульдік полиция бекеті бой көтеруде
Өткен аптада аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағының алдына орнатылып жатқан модульдік полиция бекетінің жұмыстарымен танысты. Бұл ауданда орнатылып жатқан алғашқы осындай бекет.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар аяқталған соң модульді бекет қызметкерлері аумақты патрульдеп, тәулік бойы кезекшілік атқару арқылы ауданымызда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейіне оң әсерін тигізетініне сенетінін жеткізді аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы.
Күн санап көркейіп, жаңарып, жасарып келе жатқан ауданымызда құрылыс саласы өркендеп, көптеген әлеуметтік нысандар салынуда. Айта кететіні, ағымдағы жылы Р.Сәбденов, Ақыртөбе және Көгершін елдімекендерінде спорттық сауықтыру кешендерін салу, Көгершін ауылында мәдениет үйін салу жобалары облысқа қаржыландыруға ұсынылып, оң шешімін тауып отыр. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші.
Бүгінде салынып жатқан құрылыстың ашықтығын көрсету, қоғаммен кері байланыс орнату, мердігерлік құрылыс ұйымдарының жұмысының сапасына бақылау мақсатында ауыл ардагерлері мен белсенді азаматтарынан қоғамдық бақылау құрылып, салынып жатқан құрылыстың халықтың бақылауында болады.