Т.Рысқұлов ауданындағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ауыз су жүйесі ескірген 9 елді мекеннің 3-еуінде 2020 жылы жаңа құрылыс басталып, былтыр пайдалануға берілген. Тағы ауыз су жүйесі ескірген 6 елді мекеннің 1-еуінде жаңа құрылыс және ауыз су жүйесі жоқ 2 ауылда құрылыс басталды. Жыл соңында аяқталады.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мәлімдеді. Ол халық саны тиісті нормадан аз 6 ауылға ауыз су жүйесін салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін жеткізді. Сондықтан ол ауылдарға кешенді блокты модульдік қондырғы орнатылады.
«Аудандағы 42 елді мекеннің 24-іне газ тартылған. Былтыр газ кірмеген 10 ауылға газ тарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауданның 34 елді мекені газбен қамтылды. 1 ауылдың жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, бюджеттен қаржы қарастыруға өтінім жолданды. Ауылдардың тұрмыстық қалдықтарын шығаруға 14 полигон белгіленген. 2019-2020 жылдары 14-і толық қоршалып, қалыпқа келтірілген. Облыстық мәндегі 3 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 2022 жылға өтпелі», — деді спикер.
Ерболат Салқынбекұлы ауылдарда 352 көше бар екенін, 230-ы немесе 65,3% жарықтандырылғанын айтты.