Биылғы жылдың ақпан айындағы мәліметке қарағанда, облыс бойынша мал басының саны 6,3 миллионға жетсе, бұл – біріншіден, ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттен беріліп жатқан көмектің және облыс басшылығы тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі. Екіншіден, жыл сайын көктемгі төл алу науқанын ұйымшылдықпен өткізу де мал басы санының артуына септігін тигізуде. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл да жауапты науқан өз деңгейінде өтуде.
Мәселен, Талас ауданы бойынша 913 шаруа қожалығы тіркелсе, оның 303-і мал шаруашылығымен айналысады. Мал төлдету науқанына аудандағы шаруа қожалықтары бойынша 11938 сиыр, 146 006 қой-ешкі, 6128 бие және 1257 бас інген түседі деп жоспарланған.
Сонымен қатар, ауыл ішінен төлдеуге 6984 сиыр, 81773 қой-ешкі, 3165 бие және 194 бас інген түсуде. Шаруашылықтарға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан мал асылдандыру бағытында асыл тұқымдық мал алу жолдары түсіндіріліп, тиісті шаралар ұйымдастырылуда. Мал асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін шаруашылық құрылымдарына арнайы ветеринар және селекционер мамандарының қызметтері де ұсынылған.
Жамбыл ауданында былтырғы он айда күйекке түскен 198 289 бас аналық саулық төлдеуде. Биылғы қаңтар және ақпан айларында 325 971 бас саулықтың 55,4 пайызы, яғни 180 752 басы жеке кәсіпкерлер мен шаруашылық құрылымдарының үлесінде болса, 143 016 басы, 43,8 пайызы жұртшылық иелігінде болды. Екі айда 39162 төл алынып, әр 100 бастан алынған төл 66 басты құраған. Мал төлдету науқанына жем-шөп жеткілікті дайындалған.
Т.Рысқұлов ауданы бойынша наурыз айының соңында қой- ешкінің саны 584 128 басты құрап отыр. Оның 379 476-сы аналық бас. 189 841 саулық қой және ешкі төлдеген. Барлық шаруашылықтарда сақпаншылар жеткілікті. Жалпы, науқан қалыпты жағдайда өтуде.
Басқа аудандарда да төрт түліктің төлден өсетінін білетін шаруашылық құрылымдарының жетекшілері, салаға жауапты бөлімдердің басшылары науқанды ұйымшылдықпен өткізу жолында тынымсыз еңбек етуде. Облыс бойынша сәуір айына аналық бастан 27732 бұзау, 153 676 қозы, 18243 лақ, 1243 құлын және 89 бас бота алынды.