Еліміз бойынша басталған тұмауға қарсы жыл сайынғы екпе егу жұмыстары аясында Батыс Қазақстан облысында да денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары алғашқылардың бірі болып екпе алып, өздерін сақтандырды.
Бұл туралы БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Медициналық ұйымдарда басталған тұмауға қарсы жоспарлы вакцинация жұмыстары бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің биылғы 19 қыркүйектегі «2022-2023 жылдардың эпидемиялық маусымына арналған тұмау және ЖРВЖ жөніндегі санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысына сәйкес жүргізілуде. Батысқазақстандықтарға тұмауға қарсы вакцинация жүргізу үшін 2022 жылы бюджеттен бөлінген 66,7 млн.-нан астам теңгеге Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 68 мың дозасы сатып алынған.
Облысымызда тұмауға қарсы екпені БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Қалибеков және Орал қалалық №1 емхананың директоры Шыңғыс Сәрсенғалиев алды. Екпе алмас бұрын оларды қабылдаған медицина қызметкері денсаулықтарын тексерді. Шағымдары жоқ болуы себепті егу кабинетіне жіберіліп, екпеден кейін 30 минут дәрігерлердің бақылауында болды.
Департаменттің баспасөз қызметі бұл екпені тұмаудан кейінгі ауыр асқынулары болуы мүмкін және инфекцияның жоғары қаупі бар халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары ақысыз негізде алатынын мәлімдеді. Олар: медицина қызметкерлері; алты айдан асқан жиі ауыратын балалар; жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері; жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер; жүрек-тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жекелеген адамдар; қарттар үйінің тұрғындары.
Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңір тұрғындарын тұмауға қарсы екпе алуға шақыруда.