Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде «Тараз» ӘКК» басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров айтты. Бүгінде облыста 17 әлеуметтік дүкендер мен павильондар жұмыс істеуде. Оның 16-сы Тараз қаласында болса, 1-еуі Жуалы ауданының орталығында орналасқан. Тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары осы нысандар арқылы сатылуда.
«2020-2021 жылдары облыс орталығында барлығы 80-нен 450 шаршы метрге дейін жаңа форматтағы 13 дүкен салынды. Сонымен қатар, ауданы 21 шаршы метрді құрайтын 7 ескі павильон өз жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ әр аудан орталығында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен әлеуметтік дүкендер ашылып жатыр. Бағаны ұстау шеңберінде тұрақтандыру қорының резервтері жүйелі түрде толықтырылып отырады. Бүгінде тұрақтандыру қорында 120 мың литр өсімдік майы, 100 тонна ұн, 89 тонна күріш, 450 тонна қант, 3 тонна тұз, 495 мың дана нан бар. Алдағы уақытта қор 284 тонна қант, 1,5 миллион дана жұмыртқамен толығады. Бұдан өзге қосымша 60 тонна қарақұмық, 5 000 тонна ұн сатып алу жоспарланған», — деп түсіндірді Дәулет Мақсұтұлы.
Ол 2020 жылдың қараша айынан бастап айналым қаражатын толықтыру бойынша кәсіпкерлерді қаржыландыру жобасы іске қосылғанын да мәлімдеді. Бүгінгі таңда облыстың 15 кәсіпкері револьверлік схема бойынша жалпы сомасы 922,4 млн.теңгеге қаржыландырылған.