Биыл Семей қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін бірыңғай үлгіде жаңарту жұмыстары жалғасуда. Осыған орай облыс әкімі Берік Уәли Кеңгірбай би көшесіндегі тұрғын үйдің аумағына барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған үйдің қасбеті термопанельмен қапталып, балкондары металлсайдингпен әрленген. Терезе жиектері мен сәндік кронштейндер орнатылып, сыртқы жарықтандыру жүйесі жүргізілген. Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың айтуынша, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес биыл шаһарда 30-ға жуық тұрғын үйдің қасбеті бірыңғай үлгіде жаңартылмақ. Бұл жұмыстар ғимараттардың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, қаланың сәулеттік келбетін біріздендіруге бағытталған.
Қасбеті жөнделген үй тұрғындары атқарылған іске ризашылық білдірді. Кеңгірбай би көшесінің тұрғыны Гүлнәр Жетімекованың айтуынша, бұл үйде 40 жылдан бері тұрып келеді және осы уақытқа дейін қасбеті жөндеу көрмеген. Оның сөзінше, жүргізілген жұмыстар сапалы орындалған, қала келбеті де жыл сайын көркейіп келеді. Облыс әкімі Берік Уәли атқарылған жұмыстың сапасына оң баға беріп, бұл бағыттағы істі жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. «Бұл үй қаламыздағы негізгі көшелердің бірінің бойында орналасқан. Жұмыс сапалы атқарылыпты. Алдағы уақытта жөнделелетін үйлер де осы үлгіде болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Қаланың келбеті әсем кейіпке енеді. Тұрғындардың да көңіл-күйіне жақсы әсер етері сөзсіз», – деді аймақ басшысы.
Жалпы, Семей қаласында тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеуге арналған жеке бағдарлама жоқ. Дегенмен, 2023 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру қағидалары бекітілген. Осы құжат негізінде 2022-2025 жылдар аралығында 89 тұрғын үйдің қасбеті жаңартылған.
Сәруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы














