Соңғы жылдары облыста жаңа көппәтерлі үйлердің құрылыс көлемін ұлғайта отырып, тұрғын үй нарығын дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Қордай ауданында жыл басынан бері 240 пәтер пайдалануға берілді. Биылғы жылдың соңына дейін кезекте тұрған 236 адам баспанаға ие болады. Сондай-ақ, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тұрмысы төмен отбасыларға 15 тұрғын үй салынды. Байзақ ауданында жыл басынан бері 11,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Төрт тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Кезекте тұрғандар шілде айында пәтер кілттерін алады. Сондай-ақ, үш жыл ішінде «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 56 жоба жүзеге асырылды. Биыл жоба аясында 14 отбасы қоныс тойын тойламақ. Бүгінде Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында 1467 адам баспана кезегінде тұр. Өткен жылы 185 адам пәтер алды. Биыл 180 пәтерді кезекте тұрғандарға беруге 2,6 миллиард теңге қарастырылған. Қазір 80 пәтерлік екі көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жуалы ауданында 7,3 мың шаршы метр тұрғын үй, Меркі ауданында 18 640, Сарысу ауданында 3 087, Мойынқұм ауданында 1 217 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Шу ауданында қазір 1747 адам баспана кезегінде тұр. Жақында 160 адам пәтерге ие болады, өйткені екі бес қабатты 80 пәтерлік үйдің құрылысы жүріп жатыр. 2024-2025 жылдар аралығында кезекте тұрған 180 адам баспанамен қамтамасыз етіледі.