Қаратау қаласындағы 3 мөлтек ауданынан мектеп-лицейге қатынайтын оқушылар және орталыққа баратын былайғы жұрт уақытты үнемдеу үшін «Астана» бөбекжай бақшасы мен орталық мешіттің ортасындағы төте жолмен жүруді әдетке айналдырған. Уақыты тығыз тұрғындар бұл екі ортаны жол қысқарту үшін таңдайды, әйтпесе жауынды күні батпаққа, аспан ашықта шаң-тозаңға айналатын сүрлеумен жүрудің өзі балалар үшін де оңай емес. Тұрғындар тарапынан бұл мәселе бірнеше рет көтерілген де болатын. Енді міне, көпшіліктің тілегі назардан тыс қалмай, аудан әкімдігі тарапынан түйткілді реттеуге қолдау танытылды. Жергілікті бюджеттен тиісті деңгейде қаржы қарастырылып, жұмыстар басталып кетті. Қазір бұл маңда жаяу жүргіншілерге арналған жолға құм аралас қосынды төселіп, брусчаткалары қаланып жатыр. Ұзындығы 200 метрге жуық, ені 2,60 метрді құрайтын жолдың құрылысын тараздық «BIG-RAS» ЖШС—гі жүргізуде. Тиісті жұмыстар 28 ақпанда аяқталып, ел игілігіне берілетін болады.
Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі