Орал қаласының іргесіндегі Серебряков ауылында жаңа модульді дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа модульді дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы Алтай Құлқаев, БҚО денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Кулбаракова, №6 қалалық емхананың директоры Жұмабек Шайхиев қатысып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.
Жалпы бұған дейін Серебряковта тек фельдшерлік пункт қана болған. Сол себепті ауырып ем іздегендер көршілес Круглоозерный ауылына немесе қала орталығындағы емханаларға баруға мәжбүр болған. Ал енді №6 қалалық емхананың филиалы ретінде ашылған орталықта жалпы тәжірибелік дәрігер де, өзге мамандар да тұрғындарды тұрақты негізде қабылдайтын болады. Круглоозерный кентінің әкімі Аманбай Нығметовтің айтуынша, дәрігерлік амбулаторияның ашылуы тұрғындардың қуанышын еселей түскен.
– Тұрғындарымыз енді көптеген медициналық қызметтерді тұрғылықты жері бойынша ала алады. Сондай-ақ, біз амбулаторияға сегіз жергілікті адамды жұмысқа орналастырамыз. Бұл – кентіміздің одан әрі дамуы үшін жасалып жатқан оңды істердің бірі, – деді кент басшысы.
Модульдік дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 30 келушіні қабылдайды. Мұнда жалпы тәжірибелік дәрігер, фельдшер және екі мейірбике тұрақты жұмыс жасайды. Оған қоса аптасына үш рет облыс орталығынан мамандар келіп, емделушілерді қабылдайды. Сондай-ақ, орталықта қан талдау сараптамаларын тапсыруға да мүмкіндік бар.
№6 қалалық емхананың директоры Жұмабек Шайхиев алдағы уақытта ауылда күндізгі стационар ашылатынын айтып, тұрғындарды қуантты.