Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындармен кездесулері жалғасуда.
Бұл жолы аймақ басшысы Тараз қаласы №11 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесті.
Облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысқан жиын барысында әуелі қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмайл баяндама жасап, округтегі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Айта кетейік, №11 аумақтық округінде 7 тұрғын алқап, 55 көше бар. Мұндағы халық саны - 25322 адам.
Бұдан кейін, округ тұрғындары өз өтініш-тілектерін айтуға мүмкіндік алды.
- Сіздер көтеріп отырған мәселелер өңіріміздің басқа аудандарына да қатысты. Атап айтқанда, ауыз су және ағын сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, жарықтандыру мен абаттандыру проблемалары күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ашығын айту керек, кейбір түйткілдердің түйінін ертең-ақ тарқатуға болатын болса, өзгесіне уақыт қажет. Өйткені, тиісті жобалық-сметалық құжаттары әзірленуі тиіс.
Жақын болашақта Тараз қаласы екі ауданға бөлінеді. Оңтүстік және Солтүстік аумақтарына бөлінетін көне шаһарда әлеуметтік мәселелерді де шешу жеңілдей түседі. Қазірдің өзінде, қаладағы және қала аумағындағы елді мекендерде көшелерді жарықтандыру, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарына айрықша назар аударылуда. Ал бүгінгі таңда округ тұрғындарының 65 пайызы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Бұл жұмыстар жалғаса береді. Ал абаттандыру мәселесіне әрбір тұрғын жауапты. Себебі, сіздер өз аулаларыңыз бен көше бойын таза ұстасаңыздар, мұндай мәселе туындамас еді. Біз әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған жұмыссыздықты азайтуға күш салуымыз керек. «Ауыл аманаты» жобасының негізінде Көлтоған, Құмшағал, Шөлдала, Шаңырақ, Жиделі, Қызылабад елді мекендері мен 28 саяжай тұрғындары 2,5 пайызбен несие алуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұның бәрі ел еңсесін көтеру үшін қолға алынып отыр, - деді облыс әкімі.
Кездесу соңында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдаған Нұржан Нұржігітов әрбір ұсыныс-тілектің ескерілетінін атап өтті.