2026 жылғы 4 ақпанда Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТҮРКПА) жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Рамиль Гасан қызметіне кіріскеннен кейін алғаш рет Түркі мәдениеті және мұрасы қорына ресми сапармен келді. Сапар аясында Қор Президенті Ақтоты Райымқұловамен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесу барысында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова Рамиль Гасанды ТҮРКПА Бас хатшысы қызметіне тағайындалуымен шын жүректен құттықтап, Ассамблея делегациясын Қор қабырғасында қарсы алғанына ерекше қуанышты екенін білдірді.
Тараптар екі ұйым арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін талқылап, бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты, сондай-ақ институционалдық негізде өзара диалогты одан әрі нығайту жолдарын қарастырды.

Келіссөздер барысында түркі әлемінің ортақ тарихи, мәдени және рухани мұрасын сақтау мен халықаралық деңгейде дәріптеу бағытындағы үйлестірілген жұмыстың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының бір-бірін толықтыратын бауырлас құрылымдар екені, олардың стратегиялық тұрғыдан өзара сабақтас рөл атқаратындығы туралы айтылды.
Сондай-ақ мәдени мұраны ілгерілету, гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту және болашақта бірлескен жобаларды іске асыру бағытындағы әріптестікті тереңдету перспективалары талқыланды.
Өткен кездесу түркі әлеміндегі мәдени және парламенттік дипломатия арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды алаң ретінде жоғары бағаланды.












