Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Түркістан облысының тұрғындарын жеке қабылдау тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев «Ашық әкімдік» кеңсесінде өңір тұрғындарын жеке қабылдап, өтініш-талаптарын тыңдады. Жауапты тұлғалармен бірге мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Қабылдауға келген азаматтар тұрғын үй және жұмыс мәселелерін көтерді. Мәселен, қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру жайын қозғаған азаматшаға заң талаптарына сай баспананы жекешелендіруге мүмкіндік бар екені түсіндірілді. Одан бөлек, көпбалалы ана жұмыс орнын ауыстыруды, жұмыс уақытын өзгертуді қарастыруды сұрады. Азаматшаға еңбек шартына сәйкес жұмыс уақыты қысқартылмайтыны ескертілді. Сонымен қатар жұмыс орнын ауыстыру бойынша өтініші қанағаттандырылды.