Қасиетті Ақтөбе топырағында киелі Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының «Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» көрмесінің ашылуы болады дегенді естіп, сонда бардық. Ақтөбеге қаншама рет барып жүрсем де, жаңадан ашылған Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайына бірінші рет бас сұққан едім. Музей ғимараты, жалпы оның ішіндегі жәдігерлер өте ұнады. Ашылу салтанатына келушілер қарасы қалың болды.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Батырхан Жолдас Түркістанның тарихи орнының жоғары екендігін айтып өтті. Түркістаннан келген көрмені ұйымдастырушы Қуаныш Ысқақтың да сөздері тартымды болып, көпшіліктің жүрегінен орын алды деп үміттенеміз. Ақтөбенің ұлтқа қызмет етіп жүрміз деген зиялы қауымының біраз өкілдері келіп, қатысып, өздерінің ой-пікірлерін айтып жатты. Біздерді қуантқаны – жастардың, оның ішінде мектеп оқушыларының әрбір жәдігерлерді суретке тартып, қызығушылық танытып жатқандары.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының ғылыми қызметкері Данияр Сәдуақасов (экскурсия және насихат бөлімінің қызметкері) білімді азамат екен, керемет таныстырып, Ясауи бабамыздың біздерге көмескілеу тұстарын ашықтап берді. Жастар да, үлкендер де өздерін қызықтырып жүрген тарихи маңызы бар тұстарын сұрап алып жатты.
Көшпелі көрме жыл басында Татарстанның байтақ қаласы – Қазанда да көрме ұйымдастырған көрінеді. Қазан қаласындағы Қазақ елінің консулының шақыруымен көптеген елдердің консулдары келіп, өздерінің ақжарқын ықыластарын білдірген екен. Бір айға деп белгіленген көрме татар ағайындарының қызығушылығына байланысты екі айға созылыпты.
Ақтөбеде екі апта болады. Одан әрі басқа да облыстарға сапар шегеді. Ясауи ілімін таратып жүрген азаматтарға сәт сапар тілейміз!
«Түркістан екі дүниенің есігі ғой.
Түркістан ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған.
Түріктің Тәңір берген несібі ғой», – деп Мағжан Жұмабайұлы тегін айтпаған ғой...