«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылдардағы халықтың табысын арттыру. Бағдарлама пилоттық негізде 2023 жылдан жүзеге асып, өз тиімділігін дәлелдеп келеді.
Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 62 ауылдық округте 749 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1185 тұрақты жұмыс орны ашылып, 100-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықтан арылады деп күтілуде.
Бұл мәселе аудан-қала әкімдерінің қатысуымен өткен видео-селекторлық мәжілісте кеңінен талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қаржыландырылатын бағыттарды белгілегенде өңірлердің ерекшеліктеріне назар аударуды ескертті.
Жыл ішінде «Ауыл аманаты» жобасымен өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша – 195, мал шаруашылығын дамыту бойынша – 175, құс шаруашылығын дамыту бойынша – 108, балық шаруашылығын дамыту бойынша – 71, кооперативтерді құрал-жабдықтармен жабдықтау бойынша – 62, өз кәсібін ашу бойынша 138 жобаны іске асыру көзделуде.
«Түркістан» ӘКК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев аудан-қалаларда өндірістік парк ашудың маңыздылығына тоқталып, 2025 жылдың жоспарымен бөлісті.
Мәжілісте Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша заңдылықты қамтамасыз етуде жиі туындайтын мәселелерді тарқатып, басқарма тарапынан қабылданатын шараларды жеделдету жайын қозғады. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан тарапынан ұсынылған жобаларға қатысты өз сұрақтарын қойып, жауапты мамандармен пікірлесті.