Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға басым көңіл бөлініп отыр. Мәселен, биылғы 11 айда облыс аумағында 2100-ден аса бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 289 816 адам қатысқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндеф өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев айтты.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, өңірде спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл облыстағы жалпы халықтың 39 %-ын құрап отыр. Халықты спортпен жүйелі шұғылдануға және дене шынықтырумен айналысуға ауылдық жерлерде биылдан бастап 202 спорт жөніндегі әдіскер мен 175 спорт жөніндегі нұсқаушы штаттық бірліктері енгізілген.
– Қазіргі таңда облыста 4643 спорттық ғимарат тіркелген. Өңір спортын дамытуға бүгінде қолайлы жағдай жасалып жатыр. Соның нәтижесінде спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрініп, жетістіктері артып келеді. 2022 жылдың 11 айында облыс спортшылары спорттың 59 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 350 алтын, 228 күміс, 270 қола медаль жеңіп алды. Ал, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары, 111 алтын, 46 күміс және 32 қола медальге қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттары мен кубоктарында жерлестеріміз 51 алтын, 36 күміс және 20 қола медальге ие болды. Жыл басынан бері 38 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 174 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 445 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Білесіздер, биыл Түркістанда заманауи теннис орталығы ашылды. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені қайта құру жұмыстары басталып кетті, бұл нысан келесі жылы ел игілігіне беріледі. Ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар, Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалмақ. Яғни, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында Мұз сарайы салынуда. Бұл нысандар келесі жылы ашылады деп жоспарланған, - дейді Қанат Жарылқапұлы.
Қазіргі уақытта облыстың 18 үміткер-спортшысы 2023 жылы Қытай елінде өтетін жазғы Азия Ойындары мен 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада Ойындарына спорттың бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін және әйелдер күресі, есу спорт түрлері, ауыр атлетика, таеквандо спортынан қатысу үшін дайындық жұмыстарына кірісті. Сондай-ақ, 2024 жылы елімізде өтетін Түркітілдес мемлекеттерінің Көшпенділер Ойындарында қазақ күресі, садақ ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, теңге ілу, көкпар спорттарынан Қазақстан Республикасы құрама командасының 46 мүшесі дайындық жұмыстарын жасауда.
Бұдан бөлек, облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да спортпен айналысуға жағдай жасалған. Облыс бойынша 97 508 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген болса, оның ішінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны - 4113, ауылды жерде 2959 адамды құрап отыр. Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін «Сауран» спорт клубы құрылған болатын. Бүгінгі таңда спорт клубындағы 39 жаттықтырушы 196 мүмкіндігі шектеулі азаматпен күнделікті жұмыс жүргізеді.
Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді. Биыл облыс орталығында 4 ірі халықаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Б.Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир мен еркін күрестен Кеңес Одағының батыры, генерал-майор С.Рахымовты еске алуға арналған халықаралық турнир жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлады.
Сондай-ақ, биыл қазақ күресінен «Тұран Барысы» Азия кубогы мен қазақ күресінен Қажымұқан Мұнайтпасовты еске алуға арналған ересектер арасындағы халықаралық турнир жоғары деңгейде өткен болатын.