
Түркістан облысының спортшылары өткен айда өте жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, Шри-Ланканың Коломбо қаласында жастар арасында өткен Азия чемпионатында 8 алтын медаль еншіледі. Ал ескек есуден Қытайда өткен Азия чемпионатында 3 алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Астана қаласында пара дзюдодан ұйымдастырылған әлем чемпионатында 2 спортшы алтыннан алқа тағынды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстанның Әнұранын шарықтатқан осы спортшыларды қабылдап, құрмет көрсетті.

Кездесуде даңқты бокс бапкері Мырзағали Айтжанов, бокстан Азия чемпионы Шұғыла Нәлібай мен ескек есуден Азия чемпионы Артём Терещенко сөз сөйлеп, спорт саласына қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Алдағы байрақты бәсекелерде жеңісті жолды жалғастыруға күш салатындарын жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан облысында спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Өңірде спорт нысандарының саны артуда. Қазір Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жүріп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі