Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өзінің фейсбук парақшасында бұл сүйінші хабарды жеткізіп:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Ал биылғы Наурыз мейрамында Түркістанда өткен маңызды жиында ел Президенті Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен насихаттау мәселесіне ерекше назар аударып, оның рухани әрі тарихи маңызына айрықша тоқталған болатын.
Түркістан төріндегі келелі жиындағы Президент тапсырмасын орындау бойынша нақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Бүгін Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ілгерілету және насихаттау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Бұл – ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды құжаттардың бірі.
Жалпы 37 іс-шара жоспарланған, олардың басым бөлігі Түркістанда өтеді. Әрқайсысы Ясауи мұрасын жүйелі түрде зерттеуге, сақтауға және кеңінен дәріптеуге бағытталған. Сонымен қатар Түркістан қаласын рухани туризмнің басты орталықтарының біріне айналдыру көзделіп отыр.
Жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, оқушылар арасында «Ясауитану» байқауы өткізіліп, музей жанынан арнайы клуб ашылмақ. Бұл бастама қоғамда рухани сабақтастықты нығайтып, жас ұрпақты ұлттық мәдениет пен тарихқа жақындатуға ықпал етеді.
Сондай-ақ Ясауидің еңбектерін қайта басып шығару, архив материалдарын жинақтау және зерттеу жұмыстары күшейтіледі.
Туристер үшін де жағдай жақсарады. Жаңа бағыттар жасалып, ақпараттық материалдар жаңартылады.
Жоспардың жүзеге асырылуы Түркістанның рухани орталық ретіндегі маңызын арттырып, оның халықаралық деңгейде танылуына жол ашады. Бұл қаланың рухани-мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейте түсері анық.
Біз бұл бастаманы іске асыруға белсенді түрде атсалысуға дайынбыз», – деді.
Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Жоба қалада рухани туризмді дамытуға, Ясауи мұрасын зерттеу мен дәріптеуге, жастарды ұлттық тарих пен мәдениетке жақындатуға бағытталған. Бұл бастама Түркістанның рухани орталық ретіндегі беделін арттырып, оның халықаралық деңгейде танылуына жол ашпақ.














