14-15 сәуір күндері Түркістан қаласында "Рухани жаңғыру" бағдарламасының бес жылдығына орайластырылған Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтеді.
«Шежірелі Түркістан шаһарының тарихына қарасақ, XVII ғасырда бүкіл қазақ халқының байтақ астанасы болғаны мәлім.
Қасиетті Рамазан айында қазақтың ежелгі астанасы Түркістан жеріне табанымыздың тигеніне көңілімізді қуаныш кернейді.
Мағжан ақын жырлаған «Ер Түріктің бесігі Түркістанға – алтын бесік Ақтөбеден» келіп жеткен керуеннің мақсаты үлкен. Екі өңірдің арасында бұрыннан бар рухани-мәдени алтын көпірді нығайту, аймақаралық қарым-қатынасты ұдайы дамытып отыру»,- деді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова шараға байланысты өткен баспасөз мәслихаты кезінде.
Ақтөбе облысының күндері аясында Түркістан тұрғындары мен қонақтары Ақтөбе өңірінің ерекшеліктерімен танысып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып, бірқатар мәдени - ойын-сауық іс-шараларын тамашалай алады.
14 сәуірде этноауыл аумағында қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорының этнографиялық коллекциясының көрмесі, театрландырылған көрініс, дәстүрлі орындаушылардың концерттік бағдарламалары өтеді.
Karavansaray Turkistan туристік кешенінде ақтөбелік әншілердің "Алтын аймақ - Ақтөбе" концерттік бағдарламасы ұсынылады.
Түркістан музыкалық драма театрында Ғ.Жұбанова атындағы филармония ұжымы әзірлеген И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклі, қазақ тарихындағы ең жарқын кезең Алтын Орданың 750 жылдығы аясында сахналанған өр рухты батырдың ерлігін дәріптейтін тұңғыш қойылым - «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы сахналанады.
Ауылшаруашылық жәрмеңкесі 15 сәуір күні экобазарда өтеді. Ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары түркістандықтарға ет-сүт өнімдерін, көкөністер, кондитерлік өнімдер және т.б. ұсынады.
Сондай-ақ, бұл күні Farab кітапханасында әр түрлі көрмелер өтіп, ақтөбелік ақындар мен жазушылар оқырмандармен кездеседі, сонымен қатар, облыстық планетарийдің сандық толық күмбезді бағдарламасы ұйымдастырылады. Кітапхана ғимаратының алдында ашық аспан астында облыстық "Алақай" қуыршақ театрының "Жадыра, жайна достар" спектаклі қойылады.
Ал Түркістан конгресс-холлында Ақтөбе облысының өнер майталмандары мен шығармашылық ұжымдарының "Сәлем, Түркістан!” атты гала-концерті өтеді.