Орал қаласының іргесіндегі Деркөл кенті аумағындағы ауылдар жыл санап көркейіп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Бүгінде 31 мыңнан астам халқы бар Деркөлге қарасты бес елді мекен мен екі шағын ауданда жүйелі жұмыстар өз жалғасын табуда.
Жолдарға асфальт төселген
Кент әкімі Жұбан Жұмағалиев бұл лауазымға 2020 жылы тағайындалған еді. Ал 2024 жылғы әкім сайлауы кезінде тұрғындардың дауыс беруімен екінші мәрте қайта сайланды.
Біз кент әкімдігіне хабарласып, биыл жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы сұрап білдік. Тұрғындар үшін маңызды мәселе – жол екені белгілі. Биыл «Деркөл ауылындағы ТЖЖ (2-кезек) ішкі орам жолдары және еріген суларды әкету құрылысы (түзету 2)» жобасы бойынша «Сарыарқа» шағынауданындағы Талпын, Балдәурен, Ә.Нұршайықов, Айша бибі, М.Ғабдуллин, Қорқыт ата, Х.Алтай, Шаттық, Х.Бөкеева, Байбарақ батыр, Шығай хан, Бейбітшілік көшелеріне жалпы ұзындығы 5526 метр асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда Р.Бағланова, Шыңғыс хан, Ш.Айманов көшелеріне жол негізін дайындау жұмыстары атқарылып жатқанынан хабардар болдық. Яғни, ағымдағы жылы аталған шағынаудан бойынша жалпы ұзындығы 44 шақырым болатын асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар Деркөл кенті аумағында жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары барысында айналмалы жолда, С.Лазо көшелері мен «Үміт» жол өтпесі бойынша жолда пайда болған шұңқырлар бітелген. Сондай-ақ ағымдағы жол жөндеу жұмыстары шеңберінде Деркөл кентінің Ж.Ақбаев және Шиелі көшелеріне 1127 метр асфальт жабындысы төселіпті.
Бес аула абаттандырылуда
Тұрғын үйлердің ауласының таза, қауіпсіз болуы да – басты назарда. Осыған байланысты «Деркөлдегі бес ауланы абаттандыру» жобасы бойынша ағымдағы жылы Алтынсарин көшесіндегі 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8-аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында аулалардың ішкі орам жолдарын асфальттау, автотұрақтар салу, балалар ойын алаңдарын жасақтау, демалыс аймақтарын жасау жұмыстары көзделген. Аталған жоба осы жылы толығымен аяқталатын болады.
Тағы бір айтарлықтай жоба – «Сарыарқа» шағынауданында құрылысы жүргізіліп жатқан нысан. Бұл – жалпы аумағы 2400 шаршы метр болатын кешенді спорт және балалар ойын алаңы. Жобада футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын алаңдар қарастырылған, кешенде балалардың ойын алаңы, тренажерлар, демалыс аймағы, вело және авто тұрақтар салынып, жарықтандыру жүргізілмек. Кешенді спорт және балалар ойын алаңы алдағы қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Көктемгі қарғын судың әлегі бұл кентті де айналып өткен емес. Биыл «Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін жергілікті атқарушы органның төтенше резерві» есебінен көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында кентке қарасты «Сарыарқа» шағынауданындағы А.Жұбанов көшесіне 465 метр арық салу жұмыстары жүргізілген екен. Себебі, көктемгі су басу кезінде аталған көшедегі тұрғын үйлерді су басу қаупі төнген. Бүгінгі таңға дейін аталған шағынауданда тоғыз шақырымнан аса арық жүйесі орнатылыпты. Дейтұрғанмен, тұрғындар көшелерге әлі де арық жүйелері қажет екенін айтуда.
«Көптеген мәселе шешімін тапты»
Деркөл кенті тұрғындары да жасалған жұмыстарды жоққа шығармай, ризашылықтарын жеткізді. Осы елді мекеннің аумағынан 2012 жылы жер алып, екі жыл ішінде өз қолымен баспанасын тұрғызған Нұрлан Идиров кенттің байырғы тұрғынына айналып үлгеріпті. Содан бері он жылдан астам уақыт өткен. Бұрын «ПДП-2» (ТЖЖ-2) аталып кеткен бұл шағынаудан бүгінде «Сарыарқа» деген атауға ие. – Біз осы «Сарыарқа» ауданына алғашқы қоныстанушылардың біріміз. Он жыл бұрын мұнда жол, ауызсу дегендер айтарлықтай проблема болды. Қазір біраз түйткілді мәселелер өз шешімін тапты. Халыққа барынша жағдай жасалуда. Биылғы жылдың өзінде көптеген жұмыстар атқарылғанына куәміз. Кент әкімдігі уәде еткендей, көшелердің бірқатарына асфальт жабыны төселді. Елді мекенді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Тұрғындардың жайлы тұрмысына қажетті әлеуметтік нысандар құрылысы да дер кезінде қолға алынды. Күні бүгінге дейін біздің шағынауданның өзінде екі мектеп бой көтерді. Спорт және балалар ойын алаңы кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Жеке кәсіпкердің қолдауымен мешіт ашылды. Енді бізге көктемде қар суын ағызып әкететін арық жүйесі аса қажет. Осы мәселе шешімін тапса, көктемгі бір әбігерден құтылар едік, – дейді «Сарыарқа» шағын ауданының тұрғыны Н.Идиров.
Кент аумағындағы шағын ауданда 2014 жылдан бері тұратын Ләззат Каримова есімді тұрғын да жасалған жұмыстарды жоққа шығармады.
– Деркөл кенті жылдан-жылға көркейіп келеді. Тұрғындар саны да көбеюде. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына да жағдай жасалып, мектеп және балабақшалар жұмыс жасауда. Мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Сауда нүктелері де жеткілікті. Бір ғана айтарым, «Сарыарқа» шағынауданына емхана қажет. Себебі, адамдардың денсаулығы да маңызды екені айтпаса да белгілі, – деген кент тұрғыны Л.Каримова осы мәселе шешімін тапса деген жерлестерінің өтінішін жеткізді.
Бізге пікір берген қос тұрғын қоныстанған «Сарыарқа» шағынауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы 1500 орындық мектеп салынып, өткен жылы пайдалануға берілген. Ал осы шағынауданға емхананың қажеттілігі жайлы сауалымызға кент әкімдігінен «2026 жылы емхана салу жоспарда бар» деген жауап алдық.
Әрине, кенттің болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстар көз сүйсіндіреді. Біз осы жылы жасалған жұмыстарды ғана тілге тиек еттік. Алда әлі талай кенттегі нәтижелі істерді жазамыз деген ойдамыз. Тынысы кеңейіп, тіршілігі жанданған көрікті кенттің келбеті осылайша күн санап жаңарары сөзсіз.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО Орал қаласы