Бүгінгі күндері Түркістан облысында 1093 мектеп жұмыс істейді. Осы білім ұяларындағы 553 мыңнан аса оқушының биыл 33 мыңнан астамы 11-сыныпты бітірді. Оның ішінде ҰБТ тапсыратын түлектер саны 27 мыңнан асады. Облыста 5 тестілеу пункті жұмыс істеп тұр. Таяуда осы пункттердің бірінде жарқын жаңалық орын алды: Ордабасы ауданы Темірлан ауылында орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Жәнібек Әбілхан ұлттық бірыңғай тест сынақтарынан ең жоғары 140 балға қол жеткізді.
Осы қуанышты жаңалыққа орай мектеп түлегін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қабылдап, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан арнайы құттықтады. Оған алдағы білім жолында көмекші болатын ноутбук табыс етті. Кездесуге қатысқан мектеп директоры Сәуле Исанова мен Жәнібектің сынып жетекшісі Гүлзира Бортаеваға да лайықты құрмет көрсетілді.
«Апта өңір үшін өте қуанышты жаңалықпен басталды. Оның басты себепкері әрі кейіпкері – Жәнібек, өзіңіз. Республика көлемінде Түркістан өңірі мен ауылыңыздың абыройын көтеріп, рекорд жасадыңыз. Шын жүректен құттықтаймыз! Зияткер оқушымызды білім нәрімен сусындатып, тәрбие берген ұстаздарға алғысымыз мол. Жәнібек секілді елді білімімен мойындататын шәкірттеріңіз көбейсін. Мектептің маңдайалды түлегі ең мықты университетке оқуға түсуіне тілектеспіз. Таңдаған салаңыздың шыңына шығып, мемлекетімізде сұранысқа ие мамандардың бірегейіне айналыңыз. Ата-анаңыздың, ұстаздарыңыз бен облыстың үмітін әрдайым ақтайды деп сенеміз», – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Жәнібек Әбілхан көпбалалы отбасында өскен. Мектепте зеректігімен, ізденімпаздығымен танылған. Ұстаздары оның салмақты және табанды екенін айтады. Осындай білімпаз баланы шыңдап шығарған Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның пайдалануға берілгеніне бүгінгі таңда қырық жылға жуықтап отыр. Онда 1500-ден астам бала білім алады. Биылғы оқу жылында 100-ден аса түлек мектеп бітіріп, болашаққа жолдама алды. Ал мектеп реновация тізіміне ендірілген, алдағы жазда ол күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңғыртылатын болады.
Айтқандай, Жәнібекті ҰБТ-ға онлайн дайындаған курс құрылтайшысы оған пәтер кілтін табыс етті. Жастардың білімге деген құштарлығын артыру әдісі осындай болса керек-ті.