Орал қалалық полиция басқармасы мен қалалық «Мектептен тыс жұмыс орталығы» бірлесе ұйымдастырған шара осылай аталды.
Орал қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл іс-шараның мақсаты – балаларды ел рәміздерін қастерлеуге, өз Отанын сүюге, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтап, Ата заңымызды құрметтеуге, ұлтжандылыққа, достыққа тәрбиелеу.
ҚР Конституциясы күні қарсаңында өткізілген мерекелік кешке ата-аналар, орталықтың белсенді тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі мектеп жасындағы балалар, ұстаздар, қала тұрғындары, Орал қаласы полиция басқармасы мен «Динамо» облыстық дене шынықтыру және спорт қоғамының басшылығы қатысты. Алдымен құттықтау сөз алған мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Тлек Қуанышкереев мерекенің маңызына тоқталды. Бұдан әрі кешке қатысушыларды мерекемен құттықтаған «Динамо» облыстық дене шынықтыру және спорт қоғамының төрағасы Павел Ставкин, қалалық ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мәдина Құспанова балғын өнерпаздардың болашақтарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ балаларға қосымша білім мен тәрбие беру ісінде аянбай еңбектеніп жүрген мектептен тыс жұмыс орталығының ұжымына ризашылықтарын жеткізді. Орталық басшысына қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Сағындық Аяғановтың алғысхаты тапсырылды.
Орталықтағы «Үкілі домбыра», «Асыл перне», «Жас оқырман», «Сәулем-ай» үйірмелерінің өнерлі оқушылары күй тартып, би билеп, мәнерлеп өлең оқып, өз таланттарымен тәнті етті. Ал мұндағы жас спортшылар таэквондо күрес өнерінен үзінділер көрсетсе, суретшілер асфальтқа, ақ қағазға сурет салып, сиясы кеппеген туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Мерекелік іс-шараға қатысқан балаларға, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге «Динамо» облыстық дене шынықтыру және спорт қоғамы атынан түрлі сыйлықтар таратылды