Батыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары ұрлықты кәсіп еткен қылмыстық топты қолға түсірді.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Белгілі болғанындай, БҚО криминалдық полиция қызметкерлері Ақсай қаласының аумағында бөтеннің мүлкін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстаған.
«Бөрлі аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері кәсіпорындардың бірінің қауіпсіздік қызметімен бірлесе жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Ақсай қаласы аумағында бөтеннің мүлкін ұрлаумен айналысқан үш жас жігіттен тұратын қылмыстық топты ұстады. Жастардың сол аудандағы мұнай-газ кәсіпорындарының біріне тиесілі мыс кабельдерді және акционерлік қоғамдардың бірінің аккумулятор батареяларын ұрлап кеткені анықталды. Ұсталғандар Ақсай қаласы тұрғындары екені белгілі болды. Тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту шараларын жүргізу кезінде күдіктілерден ұрланған заттар жартылай тәркіленді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері ұрланған заттарды сатып алушыны да анықтады. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Келтірілген шығын көлемі анықталуда. Ұрлық фактілері бойынша алты эпизод негізінде қылмыстық іс қозғалды. Олардың басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде» делінген хабарламада.