Ұрпаққа ұласқан аманат

Ұрпаққа ұласқан аманат

Қыркүйектің 10-жұлдызында Алматы қаласы облыстық С.Сейфуллин атындағы Әмбебап кітапханада бір керемет ғибратты кеш өтті. Журналист, жазушы, зерттеуші Төлен Қаупынбайұлы (1938-2018 жж.) ағаны қазақ қоғамы жақсы біледі. Тірі болса, 87 жаста болар еді. Баласы Дәурен Қаупынбаев пен қызы Елдана Қаупынбаева себеп болып, кітапхана меңгерушісі Ғалия Сламбаеваның ұйымдастыруымен қаламгерді еске алу кеші өтті. Кеште Т.Қаупынбайұлының қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарық көрген «Райымбек батыр» кітабы мен Елдана Төленқызы Куиглидің «Қыз мұңы» повесі көпке таныстырылды.

Елдананың қаламынан туған жаңа кітап әкесі Төлен мен анасы Ләйләнің рухына арналыпты. Сондықтан да кештің аты «Ұрпаққа ұласқан аманат» деп аталады. Кешке Ұлықбек Есдәулет, Нұрдәулет Ақыш, Дүйсен Мағлұмов, Тоққожа Қожамқұлов, Биғайша Медеуова, Рафаэль ағаның жары Гүлжан тәте, өзге де көптеген қаламгер, ғалым, тіл мамандары қатысты. Сөз алған шешендер Төлен аға туралы кеңінен тоқталып, Елдананың кітап жазғанына алғыстарын жаудырды. Дәурен – «Tamos Education School» мектептер жүйесінің құрушысы, кәсіпкер. Елдананың АҚШ-та тұрып жатқанына 28 жыл болды. Жазушының перзенттері ата-ана рухына арнап шығарма жазып, кеш өткізіп, көптің есіне салып бастама көтеріп отыр. 

15 қыркүйек Алматыда көрнекті жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы, Құрмет орденінің, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері Төлен Қаупынбайұлы 20 жыл бойы тұрған Бөгенбай батыр көшесі 237-үйге (Исаев көшесінің қиылысы) мемориалдық ескерткіш тақта қойылды. Рәсімге Алматы қалалық әкімшілігінің өкілі, ҚЖО-ы төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, Одақтың хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке, ТҮРІКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Стахан Белғожаев қатарлы кісілер сөз алып, Төлен Қаупынбайұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Басқосуға жазушының сыныптастары, курстастары, қызметтестері, зиялы жұрт өкілдері мен қаламгерді білетін қала тұрғындары жиналды. Артынан Rise Plaza мейрамханасында Хатым-Құран оқылып, ас берілді. Асты жазушының жерлесі, баспагер Дүйсен Мүсірәлі жүргізіп отырды. Қаншама қаламгерлер өмірден өтті... Солардың көбі атаусыз, іздеусіз қалып барады. Ал, арасында осындай мойыны озынған, перзенттік борышын ұмытпайтын, аманатқа адал Дәурен мен Елдана секілді ұрпақтарға риза боласың... 

 

Елдана қыркүйектің 15-і күні өзінің «Қыз мұңына» қолтаңбасын қойып маған сыйлады. Оқып бітірдім. Бұрынғылар: «О, Алла бала бер, бала берсең, сана бер. Сана бермесең, ала бер!» деп қатты айтқан екен. Тағы да, «Әкеден ұл туса керек, әке жолын қуса керек» демей ме?.. Төлен аға мен Ләйлә тәтенің артында опалы, қайырлы ұл-қыздары қалған екен. Біз Елдананы көріп «Қасқа айғырдан ең кемінде төбел құлын туады» деген тұжырымға көз жеткізгендей болдық. Оған мынау тірліктері мен жазған кітабы куә!

 

«Қыз мұңын» оқыдым дедім ғой, бұл бір есте қалатын, жүрекке әсер ететін тамаша еңбек болыпты. Кітапта Төлен аға мен Ләйлә тәтенің шынайы өмірі кестеленеді. «Жақсысын асырып, жаманын жасырмай» иланатын шындық пен әсерлі сәттер баяндалады. 1964-1970 жылдар көз алдымыздан өтті. Елданада өжеттік, әділдік, байқампаздық, жазушылық шеберлік қатар жатыр екен. Еңбегіндегі анасы Ләйлә Шаймерденова, әкесі Төлен Қаупынбайұлы, «ескі дос» Амангелді, анасының құрбылары Бәтес, Айман, тағдыр қиылыстырған сырлы кейіпкер Фатима Расуловна, анасының соғыстан із-дерексіз кеткен әкесі Ғабдолмәлік Күзембаев туралы эпизодтар кейіпкеріміздің образын ашуға өз септігін тигізіп тұр. 

Әкесі Төлен Қаупынбаевтың журналистік ортасы ондағы аттары аталған Ахат Жақсыбаев, Төлен Әбдіков, Әнес Сараев, Бексұлтан Нұржеке, Тельман Жанұзақов, басшылары Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза секілді тұлғалар бізге таныс. Олардың Төлен ағамен байланысты тұстары да ашылған. 

Шығарманы оқу барысында байқағаным, Елдана Төленқызының орта мектепті қазақ тілінде оқығаны – оның басты артықшылығы. Сондықтан да аманатқа адалдық, жазуға тәуекел, қиындыққа қарсы еңбектену бой көтергені анық. Жасынан қазақы мінезбен тәрбиеленгені көрініп тұр. Сөз тыңдап, құлағына құйып, жадына сақтап, ойына бекітіп бойжеткені анық. «Қыз мұңының» басты артықшылығы – шындыққа құрылғаны, ата-анасы бола тұра бұлтарыс-қалтарыстарға да қалам тартқан. Ол кейіпкерлерін періште етіп өсірмеген, пенделік мінез бен даналық сипаттары да қатар жатады. Оқырманын сендіреді. Осы арқылы ол бұл кітаптың отбасы альбомы емес, қоғамға арналған деректі көркем әдебиет екенін дәлелдейді. 

Кітаптағы Ләйлә тәтенің әкесі Ғабдолмәлік Күзембаев пен сырлы кейіпкер Фатима Расуловна өмірлері кәдімгі детектив жанрындағы шығарманы есіңе салады. Сол екі кейіпкердің образдары арқылы Кеңестер одағының саяси сипаты да анық көрінеді. Ең соңында Төлен ағаның делегация құрамында Францияға баруы, Ғабдолмәліктің табылуы, кенеттен пайда болатын Фатима апаның көмегі мен ерлігі оқырманын сүйсіндіреді. Анасы Ләйләнің сұлу да көркем келбетін, турашыл бірбеткейлігін суреттейді. Әсіресе, ешкім айта бермейтін Ләйла тәтенің «ескі досы» Амангелді мен «жаңа досы» Төленнің салыстырмалы бейнесі қатар жарысады. Махаббат майданындағы адалдық, сертке беріктік, шын сүйіспеншілік, еркектік характер тұрғысынан Төлен ағаның аты озып шыққанына қуанасың!.. 

Ал, біздің Елдана өз заманымыз бен көпке таныс қоғамды ашады. Ол таланты мен өзі таңдаған жазу тәсілі арқылы бас изетеді. 

Төлен аға әулетінен осындай өжет, еңбекқор, аманатқа адал қыздың шыққанына қуандым. Сонымен бірге жазған кітабының тартымды, тағдырлы, үйлесімді болып шыққанына сүйіндім!..

Кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріпті. Менің қолымдағы қазақша нұсқасына еңбегі сіңген редакторы Қалдыгүл Жаныбаева мен жоба менеджері, талантты аудармашы, еңбекқор Майра Айжарыққа ерекше алғыс айтамыз!... 

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

 

20.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17808
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17662
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32848
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31416
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35089