Талғарда тоғызқұмалақтың үздіктері анықталды

Талғарда   тоғызқұмалақтың   үздіктері анықталды

2026 жылы 23-30 шілде аралығында Алматы облысының Талғар ауданындағы «Бесағаш» Мәдениет үйінде  тоғызқұмалақтан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының XXIV чемпионаты өтті. Бір аптаға созылған ел біріншілігінде Қазақстанның 15 өңірінен келген 100-ге жуық үздік спортшы өзара бақ сынап, ел чемпионы атағын ғана емес, биылғы жылдың қараша айында Түркияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігін сарапқа салды.

Чемпионат U-19 және U-21 жас санаттары бойынша халықаралық ережелерге сәйкес үш бағдарлама – классика, рапид және блиц түрлерінде ұйымдастырылды. Мұндай жарыс форматы спортшылардың тек классикалық партиядағы шеберлігін ғана емес, уақыт қысымында жылдам әрі дәл шешім қабылдау қабілетін де бағалауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде әмбебап ойыншылар анықталып, ұлттық құрама сапына үміткерлер іріктелді.

Қазақстан ұлттық құрамасының тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімовтің айтуынша, бұл чемпионат жас спортшылар үшін маңызды сынақ болды.

«Көптеген қатысушылар үшін бұл турнир спорттық шеберлікті шыңдайтын маңызды кезеңге айналды. Мұнда теориялық білім мен ойын техникасының мықты болуы жеткіліксіз. Әртүрлі дисциплиналарға тез бейімделіп, психологиялық қысымды еңсере алған спортшылар ғана жеңіске жетеді. Осындай жарыстарда Қазақстан ұлттық құрамасының болашақ негізгі құрамы қалыптасады», – деді ол.

Алматы облысының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Ерболат Қылышбаев қазіргі жас ойыншылардың батыл ойын өрнегімен, тың тактикалық шешімдер қабылдауға деген ұмтылысымен ерекшеленетінін атап өтті.

Рапид: Үздіктер анықталды

Рапид бағдарламасында U-19 жас санатындағы қыздар арасында Батыс Қазақстан облысының өкілі Самира Оразмұханбет чемпион атанды. Қостанай облысының спортшысы Айым Әлібекқызы күміс жүлдеге ие болса, Павлодар облысының өкілі Аружан Салмен үздік үштікті түйіндеді.

Ұлдар арасында Алматы қаласының спортшысы Мейірлан Нұрланұлы жеңімпаз атанды. Қостанай облысынан Айдын Жақиев екінші орынға ие болса, Павлодар облысының спортшысы Надир Ахметов қола медаль иеленді.

U-21 жас санатында қыздар арасында Қызылорда облысының спортшысы Нұрай Мектепхан чемпион атанды. Түркістан облысының өкілі Ақбота Намаз күміс жүлдеге, ал Қызылорда облысының спортшысы Әсем Дәуренбекқызы қола медальға қол жеткізді.

Ұлдар арасында Ақтөбе облысының өкілі Қайрат Тұрарбек жеңімпаз атанса, Алматы қаласының спортшысы Елдар Дәкен күміс, Ақтөбе облысының өкілі Алмас Тілегенов қола жүлдеге ие болды.

Блицте тартыс жоғары болды

Блиц бағдарламасының U-19 санатындағы қыздар арасында Абай облысының спортшысы Аяна Исахан топ жарды. Батыс Қазақстан облысының өкілі Самира Оразмұханбет екінші, Павлодар облысының спортшысы Дильназ Жанат үшінші орынға тұрақтады.

Ұлдар арасында Павлодар облысының өкілі Надир Ахметов чемпион атанды. Астана қаласының спортшысы Махмұтжан Азимхан күміс жүлдеге ие болса, Қостанай облысының өкілі Айдын Жақиев қола медаль жеңіп алды. U-21 санатында қыздар арасында Павлодар облысының спортшысы Аяна Темірболатова бірінші орынға ие болды. Түркістан облысының өкілі Ақбота Намаз күміс, Қостанай облысының спортшысы Талшын Тарғынбекова қола жүлдені иеленді.

Ұлдар арасында Алматы облысының намысын қорғаған Ернұр Батыр чемпион атанды. Алматы қаласының спортшысы Елдар Дәкен екінші орынға тұрақтаса, Ақтөбе облысының өкілі Диас Жанбау үшінші нәтиже көрсетті.

Классикадағы чемпиондар

Классика бағдарламасында U-19 қыздар арасында Самира Оразмұханбет (Батыс Қазақстан облысы) алтын медаль жеңіп алды. Түркістан облысының спортшысы Виктория Белицкая күміс, Павлодар облысының өкілі Аружан Салмен қола жүлдеге ие болды.

U-19 ұлдар арасында Түркістан облысының спортшысы Ердәулет Оралбай чемпион атанды. Қостанай облысының спортшылары Ерсұлтан Жалғасбай мен Айдын Жақиев жүлделі орындарды өзара бөлісті.

U-21 қыздар арасында Түркістан облысының өкілі Ақбота Намаз жеңімпаз атанды. Павлодар облысының спортшысы Аяна Темірболатова күміс, Қызылорда облысының өкілі Нұрай Мектепхан қола жүлдеге ие болды. Ұлдар арасында Алматы қаласының спортшысы Елдар Дәкен алтын медаль жеңіп алды. Алматы облысының өкілі Ернұр Батыр күміс, Ақтөбе облысының спортшысы Алмас Тілегенов қола медаль иеленді.

15-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасындағы тұңғыш әлем чемпионы, 2025 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері әрі Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ернұр Батыр турнирдегі бәсекенің аса жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

«Әр партия ерекше зейін мен мұқият дайындықты талап етті. Қарсыластардың барлығы өте мықты болды. Сондықтан әр жүрістің маңызы зор екенін сезіндім. Алматы облысының намысын абыроймен қорғап, ел чемпионы атағын қайта растағаныма қуаныштымын. Жаттықтырушыларыма, командамызға және қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс айтамын», – деді спортшы.

Чемпионат қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының құрамасы бірінші орыннан көрінді. Алматы қаласының командасы күміс жүлдеге ие болса, Павлодар облысының құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Талғарда өткен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының XXIV чемпионаты еліміздегі тоғызқұмалақтың даму деңгейі мен әлеуетінің жоғары екенін айқын көрсетті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылардың тартысты бәсекесі, жоғары дайындық деңгейі және үш бағдарлама бойынша көрсеткен шеберлігі Қазақстанда ұлттық зияткерлік ойынның жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын дәлелдеді. Чемпионатта жарқын ойын өрнегін көрсеткен спортшылар енді Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионатында ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.

 

Ә.ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы
06.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Талғарда   тоғызқұмалақтың   үздіктері анықталды
Ә.ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 06.08.2026 74
Маңызды жобалар басталды
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 06.08.2026 74
Бұл құрылтайда кәсібилік  болмаса, бәрі бекер...
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 06.08.2026 97

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26754
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26181
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43577
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39355
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43979