5 тамыз күні «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры, «Елана сайтының» бас редакторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен «Qazaqstan dauiri» газетінің Астана қаласындағы меншікті тілшісі Ерқазы Сейтқали Астана қалалық білім бөлімінің басшысы Қасымхан Сенғазыевтің қабылдауында болды.

Кездесуде Астана қаласындағы білім саласындағы қордаланған мәселелер, қол жеткізілген табыстар мен Астана қаласындағы мектептердің жай-күйі, жаңа оқу маусымына дайындық мәселелері әңгімеге арқау болды. Сәуле Мешітбайқызы өз сөзінде «Qazaqstan dauiri» газетінің білім саласына арналған «Білім шырағы», «Үлпек» тәрізді айдарлары барын айта келіп, Астана төңірегіндегі білімге қатысты қордаланған проблемаларды, жеткен жетістіктерді басылым арқылы оқырманға жеткізуді жалғастыра беретінін тілге тиек етті. Әңгіме барысында бөлім басшысын «Qazaqstan dauiri» ЖШС-не қарасты «Мөлдір бұлақ» балалар журналымен де таныстырып өтті.
Қасымхан Сенғазыұлы да БАҚ өкілдерімен кездесіп отырғанына қуанышты екенін білдірді. «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлақ» журналы туралы жылы пікірін айта келіп, бұл басылымдармен толық таныс екенін жеткізді. Газет пен журнал ұжымына табыс тіледі. Қолдауға да ниетті екенін аңғартты. Сөз орайында Қасымхан Сенғазыев мырза Астана қаласындағы әрбір мектептерді, үздік педагогтерді, білім саласында көрнекті нәтиже көрсетіп жүрген халықаралық, республикалық олимпиадаларда үлкен табыстарға жеткен оқушылардың еңбегін көрсетуде, бағалауда «Qazaqstan dauiri» газетінің айрықша белсенділік танытып отырғанына алғысын айтты. Алдағы уақытта да бұл байланыс жалғасын таба беретініне сенім білдірді.













