Таяуда Тараз қаласынан екі автобуспен барған бір топ азамат тарихи тұлғаларымыздың бірі – аты ұрпақтарына ұран болған Ұлы жүз Дулат тайпасының бір бұтағы Ташкенттегі Шымыр атаның басына барып, құран оқытып, асқа қатысты. Асты Шымыр атаның Жиенбеттен тараған ұрпағы ұйымдастырды.
Жалпы, Өзбекстандағы Шымыр атаның кесенесін үш ұлынан тараған үрім-бұтағы 2000 жылы қайта жаңғыртқан.
Тараздан келгендер әуелі Ташкент қаласының ортасында жатқан Төле би бабамыздың басына барды. Төле би бабамыздың кесенесінің алдында батагөй ақсақалымыз Орынбай Рысбаев «Төле биден қалған бата еді, сендерге соның шарапаты тисін» деп, қолын жайып бата берді. Жиынға 400 адамдай жиналды. Дәстүр бойынша арнайы Түркістан облысынан алдырған Мағаз имам құран оқыды. Одан кейін Шымыр атаның белгілі азаматтары бірінен кейін бірі сөз алып, бірі алғысын айтса, бірі батасын берді.
– Біз бүгін әруақты бабамыздың басында бас қосып отырмыз. Әулие Шымыр атамыз қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы кезінде өмір сүрген, өз заманының қайраткер, кемеңгер тұлғасы. Ташкент, Сайрам қалаларында билік жүргізіп, бек атанған Шымыр бабамыз ұрпақтар есінде мәңгі сақталады. Сондай-ақ Шымыр бабамыз өзі ғана батыр болған жоқ. Оның ұрпақтары да батыр болды. Шымыр арысы қолбасшы Қойгелді батыр, Байзақ датқа, Балуан Шолақ, берісі Ақәділ Сухамбаев, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы сынды батырлар мен біртуар ұлдардың шыққан тегі. Бабамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – деді облыстық «Шымыр ата» қоғамдық кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов.
Жалпы, Шымыр ата ұрпақтары баба рухына арнап жыл сайын ас беріп келеді. Індетке байланысты екі жыл үзілістен кейін биыл игі шара қайта жалғасты. Негізінен Шымыр ата ұрпақтары Түркістан облысы мен Жамбыл облысында тұрады.
– Бүгінгі біздің республикамызда беріліп жатқан, батыр баба Шымырдың рухына арналған ниеттеріңіз бен зияраттарыңыз қабыл болсын. Бұл көршілес екі елдің достығының, татулығының бір көрінісі. Ташкентте жатқан Төле би, Шымыр сияқты тұлғалардың сүйегі екі ел арасындағы татулықты нығайтпаса, суытпайтыны анық. Біздің мақсатымыз да көршілес елдермен бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүру. Елімізде осындай бейбітшілік және ұлтаралық достықтың алтын жібі үзілмей, барыс-келісімізбен, алыс-берісіміз ортаймасын, – деді Өзбекстан өкілі Химайддон Ташболатов.
Келесі жылы бабаға арналған асты Сәмбет ата үрім-бұтағы беретін болады.