«Мемлекет басшымыз өткен жылы аймағымызға жұмыс сапарымен келгенде Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананың Қызылорда қаласында ашылатынын жеткізген болатын. Сыр бойы жұртшылығы бұл бастаманы зор қуанышпен қабылдады.
Кезінде қазақ даласында болған «Отырар кітапханасы» ғылыми жаңалықтарға тарихи шығармаларға жол ашқан. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іргесі қаланатын руханият ордасы күні ертең жас ұрпаққа қалтқысыз қызмет көрсететіні анық.
Осыған орай аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі – білім мен мәдениеттің алтын діңгегіне айналатын Президенттік кітапхананың капсуласын салу рәсімі өтті.
Демеушілікпен 20 млрд теңгеге салынатын, аумағы 13 мың шаршы метр, сәулетті, жаңа кітапхана заманауи талаптарға сай болады. Ғимаратта оқу, конференц, басылым, архив пен сирек қорға арналған залдар, электрондық кітапхана, әлем әдебиеті бөлімі мен өнер галереялары, көрме, коворкинг орталықтары, қалпына келтіру шеберханасы қарастырылған.
Бұл – игілікті іс халықтың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Президентіміздің қолдауы.
Жаңа нысан тек кітаптар жиналған жер емес, ұлтымыздың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін, жерлестеріміздің рухани тынысын ашатын тәрбие мен тағылым үйі болмақ. Рәсімде Эдуард Викторович, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шәкизада Әбдікәрімов сөз сөйледі.
Айта кету керек, 2022 жылдан бері өңірде 22 мәдениет нысаны жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Барлық ауданда «Руханият орталықтары» ашылды. Облыстың бас шаһарында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» бой көтерді. Былтыр Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Ассамблеяның 30 жылдығына орай «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты салынды.
Кейінгі жылдары «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Өнер мектебі» мен «Оқушылар үйі» іске қосылды.














