Аты аңызға айналған велошабандоз Александр Винокуровтың спорттағы даңқты жолы өзі туып, өскен Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы секциядан басталды. Ол бұл кезде 11 жаста ғана болатын. Жерлесіміз Олимптің шыңына көтерілгенге дейін республикалық және әлемдік деңгейдегі талай жарыстардың жеңімпазы атанды. Облыс орталығындағы Спорт сарайы Александр Винокуровтың атында.
Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, Лондон олимпиадасының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, әлемдегі ең беделді жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Александр Винокуров қазір Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандық атақты велошабандоз, Олимпиада чемпионы, «Astana Qazaqstan Team» командасының бас менеджері Александр Винокуровпен кездесті. Бүгінгі күні Александр Николаевич Қазақстанда велоспорттың дамуы мен танымал болуына зор үлес қосуда. Оның ұлдары Алекс пен Николя Винокуровтар да әке жолын таңдап, бүгінде веложарыстарда облысымыздың намысын қорғап жүр. Николя Винокуров 23 жасқа дейінгі топтық жарыста Қазақстанның екі дүркін чемпионы және жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Солтүстікқазақстандық велошабандоздардан құралған «Vino SKO Team» континенттік командасы республикалық және халықаралық веложарыстарға қатысып жүр.
«Тағы бір атақты велоспортшымыз Алексей Луценко биыл жазда Парижде өтетін Олимпиадада бақ сынамақ. Алексейге Александр Винокуровтың ерлігін қайталап, Олимпиада чемпионы болуын тілейміз!» – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.