Волонтерлік қозғалысты дамытамыз

Волонтерлік   қозғалысты   дамытамыз

Бүгінде мұнайлы өлкеде 30 үкіметтік емес ұйым волонтерлік бағытта жұмыс жүргізсе, олардың 12-сі тұрақты әрі белсенді қызмет атқаруда. Сонымен қатар, 35 жастан асқан және 50 жастан жоғары 150-ден астам белсенді волонтер қоғамдық бастамаларға тұрақты түрде атсалысып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. 

Халықаралық волонтерлер жылы аясында өңірде бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Атырау волонтерлер корпусы» жобасы. Жоба аясында әлеуметтік, экологиялық, медициналық, төтенше жағдайлар, жануарларға көмек және өнер бағыттарындағы волонтерлік қызметтер қамтылған.

Волонтерлік – қоғамның дамуына үлес қосатын маңызды азаматтық бастама. Бүгінде Қазақстанда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Соңғы алты жылда еліміздегі белсенді волонтерлер саны 50 мыңнан 300 мың адамға дейін өссе, волонтерлік ұйымдар саны төрт есеге артты. Бұл көрсеткіштер азаматтардың қоғамдық белсенділігі мен жауапкершілігінің артқанын көрсетеді, – деді Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов.

Биыл өңірде өткен «Atyrau Volunteer Fest» фестиваліне Telegram-бот арқылы тіркелген 200-ден астам волонтер қатысты. Фестиваль барысында республикалық және халықаралық деңгейдегі сарапшылар мен қоғам белсенділері шеберлік сағаттарын өткізіп, жастармен тәжірибе алмасты. Іс-шараға 12 жергілікті және 3 халықаралық ұйым қатысып, волонтерлік қызметтің түрлі бағыттары таныстырылды.

– Біздің мақсатымыз – жастар арасында волонтерлік мәдениетті қалыптастырып, оларды қоғамдық маңызды бастамаларға тарту. Осы бағытта өңірдегі 18 білім беру ұйымында арнайы кездесулер өткізіліп, жастарға волонтерлік қызметтің мүмкіндіктері таныстырылды. Қазір волонтерлерді тіркеу мен олардың белсенділігін есепке алуға арналған Telegram-бот табысты жұмыс істеуде, – деді «Атырау волонтерлер корпусы» жобасының жетекшісі Абылай Құрметұлы.

Өңірде волонтерлердің бастамаларын қолдауға бағытталған «Волонтер мектебі», «Менің таңдауым», «Ұлттық ойын – ұлы мұра», «Әжемнің ертегісі», «САХНА. ШЕЖІРЕ. БІЗ» секілді жобалар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, 35 жастан жоғары және 50 жастан асқан волонтерлерге арналған дәстүрлі «Демеу» облыстық байқауы жалғасуда.

– Волонтерлік қызмет тек жастардың ғана емес, барлық буын өкілдерінің басын біріктіретін маңызды қоғамдық институтқа айналды. Биыл тәжірибелі волонтерлердің қатысуымен республикалық слет өткізу жоспарланып отыр. Бұл шара үздік тәжірибелерді таратуға және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Азаматтық орталық КММ басшысының орынбасары Фархат Қарапиденов.

 

А. ХАМИТТЕГІ
19.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25901
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25348
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42752
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38584
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43148