Қазақтың бүтіндігі мен азаттығы үшін отарлаушы күшпен ашық күрескен және осы жолда мерт болған Кенесары ханның соңғы шайқасы өткен тарихи жер қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылдық аймағының Күнгей деп аталатын түстігінде. Хан Кененің қасіретті соңғы күніне куә болған жерлер сол маңдағы Кекілік, Сеңгір таулары мен Әулиешоқы. Ал Кекілік пен Сеңгірдің аралығында жатқан Майтөбеге Кене хан ту тіккен. Шу өзені қозыкөш жерде ағып жатыр. Алайда екі аралықты Қазақ-Қырғыз шекарасы бөліп тастаған.
Хан Кене 1847 жылғы көкек айында қапыда қырғыз манаптарының қолына түсіп, арманда кетеді. Бұл туралы тарих көпшілікке жақсы мәлім.
Осы тарихты, яғни Кене ханның азаттық идеясын Кеңестік идеология жасырып, жаншып баққанымен, халық жадынан бәрібір де өшіре алмаған. Жазушылар Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, тарихшы Ермұхан Бекмаханов және тағы басқалар көркем шығармалар, зерттеулер жазды, сол үшін жазаланды да.
Еліміз Тәуелсіздік алып, ел есін жия келе хан ұрпақтары Майтөбе басындағы қорым тастарын жаңғыртып, қақ ортаға биіктігі бес метр болатын еңселі ескерткіш орнатыпты. Ол қызыл гранит тақта таспен көмкерілген екен. Осы ескерткішті айналдыра қазақ рулары жеке-жеке тағзым тастарын қоя бастапты. Осы күннің өзінде Қыпшақ, Дулат, Беріш, Албан, Шапырашты, Керей, Қоңырат, Адай, Кете, Найман, Әлімұлы Жақайым, Арғын, Суан, Жалайыр, Ысты, Сіргелі, Тарақты, Шеркеш, Тобықты руларының атынан тағзым тастары сап түзеген. Бұл қазақ руларының бірлігін аңғартады. Бұдан басқа туысқан өзбек, ұйғыр, татар халықтарының атынан, тіпті дүнген, орыс халықтары атынан да тағзым тастары көзге ұрады. Осындай тасты Майтөбеге қарашаның 20-сы күні Шөмен-Шөмекей тайпасына қарасты Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл руларының ұрпақтары да қойды. Бедізші Мұратбек Есболов ойған қара түсті гранитке: «Ұлт азаттығы үшін мерт болған Кенесары хан мен қазақ батырларының аруағына тағзым. Кіші жүз, Алшын, Шөменұлы Шөмекей ұрпақтарынан, қараша, 2025 жыл» деп жазылған.
Тарихы Сақ, Ғұн дәуірінен белгілі Шөмекей тайпасы қазақтың өзге рулары сияқты Хан Кененің мықты тірегі болып, қай жағынан да көмектескені кейінгі зерттеулерде жазылған. Бұл туралы Ресей империясының қазақ өмірін арнайы зерттеген Генштаб офицері, топограф, этнограф және тарихшы, нәсілі неміс Мейер Лев Лаврентьевич өзінің 1865 жылы Санкт-Петербургтен шыққан «Киргизская степь Оренбургского ведомства» атты 375 беттен тұратын кітабының 59-бетінде былай деп жазыпты: «...въ 1840 году Султанъ Кенисара, гонимый со всƀхъ сторонъ, находился въ незавидномъ положеній. Дƀла еге одноко скоро поправились: сильный родъ Чумекеевцевъ принялъ его съ почетомъ, отдалъ за него за мужъ дочь лучшаго бія, а вслƀдъ за тƀмъ другіе роды – Дырткаринскій и Чиклинскій – также признали его власть, такъ что онъ не совсƀмъ безъ основанія называлъ себа Ханомъ». /...1840 жылы жан-жақты қуғынға ұшыраған Кенесары сұлтанның жағдайы өте ауыр еді. Бірақ көп ұзамай оның жағдайы жақсарды: күшті Шөмекей руы оны құрметпен қабылдап, оған ең ықпалды бидің қызын әйелдікке берді, содан кейін ғана Төртқара және Шекті рулары оны билеуші деп мойындады, сол себепті ол өзін Хан деп негізсіз жариялады»/ («Киргизская степь Оренбургского ведомства», Санкт-Петербург, 1865 г., стр 59). Аптаның төртінші күні – Тәңірі күні болған рәсімде Шөмекей руының көшбасшысы, осы шараны ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген атақты спортшы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, қазақша күрес бойынша спорт шебері, дзюдо бойынша Халықаралық дәрежелі төреші, ҚР құрметті спорт қайраткері, Ауыр атлетикадан, қазақша күрестен, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Садық Шоңмұрынұлы Мұстафа сөз сөйлеп ашып, белгі тастың белбеуін шешті. Ал үстіне жабылған ақ матаны сүйегі Шөмекей Қожамқұл Алдабергенов, Ізбасар Бердімұратов сынды ақсақалдар сыпырып, жиылған жұртқа ақ тілегін арнады. Осы екі қария да сексенге келіп, көпті көрген, бірі ұстаз, екіншісі шаруашылық басқарған зиялы жандар. Екеуі де атамекенге Өзбекстанның Тауелібай аймағынан қоныс аударған. Қазір Қордай ауданында тұрады. Сол күні аудан орталығы Қордайда Кенесары хан мен сарбаздарының аруағына арнап ас берілді. Асқа Тасбай Елханұлы ақсақал бата беріп, Оспан қари Әбдулқадыр құран оқыды. Қордай ауданы, Жамбыл, Жаңатұрмыс ауылдарының ақсақалдар кеңесі төрағасы Нұрбек Жөкеев ақсақал, «Компания Сырым Блеке» құрылыс компаниясының директоры, белгілі кәсіпкер, меценат Елмұрат Күнібеков, республикалық «Таң-Шолпан» әдеби журналының бас редакторы, жазушы Нұрлыбек Саматұлы, шараны ұйымдастырушылар Асан Әлжанов, Қорғанбай Көбеев, Иран республикасынан атамекенге оралған Жақып Мұхамедамин, «Аспан-Дөйт» компаниясының басшысы Айдарбек Жетесбаев, бедізші Мұратбек Есболов және тағы басқа Шөмекей ұрпақтары сөз сөйлеп, Хан Кене жорықтары туралы тарих тиегін ағытты.
Ас соңында Сыр сүлейі Сәрсенбай жыраудың немересі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушы, дарынды жырау Майра Сәрсенбаева Базар жыраудың «Тіршіліктің түрлері» термесін толғап, жиылған жұртты тәнті етті.
Қайрат ӘБДІҚАПБАРҰЛЫ













