Еліміздегі бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Қазақстан халқы бірлігі күніне орайластырылып, аудандық емхананың алдыңғы жағына 30 қылқан жапырақты туя отырғызылды. Айтулы шараға аудан әкімі Олжас Баққараев бастаған аудан басшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері, жастар қатысты.

Мұнан кейін аудан басшысы аудан орталығындағы Ақәділ Суханбаев атындағы саябақта өтіп жатқан азық-түлік жәрмеңкесіне атбасын бұрды. Кәсіпкерлермен пікірлесіп, тұтынушыларға ұсынылған өнім түрлерімен танысып шықты.
Жергілікті тауар өндірушілер ұсынған өнімдерге сұраныс жоғары болды. Атап айтқанда, сүт өнімдері, құрт, сары май, ірімшік, айран, сүт, бал басқа да өнімдердің бағасы қолжетімді болғандықтан халық қуана алып жатты.
Әрмен қарай аудан басшысы Олжас Елебекұлы ақжаулықты аналардың әуелете салған әнін тыңдап, саябақ ішіне жағалай орналасқан түрік, балкар, орыс, неміс, кәріс, моңғол, басқа этностардың қолөнер бұйымдарының көрмесін, сахналық қойылымдарын тамашалады. Әсіресе түрік этномәдени орталығы “Келін түсіру” рәсімін көрсетсе, кәріс этномәдени орталығы айрықша биімен көпшілікті тәнті етті. Қазақстан халқының бірлігі күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік шара “Өнер” мектебінің “Еркеназ” атты бишілердің орындауындағы “Достық” биімен ашылды. “Бейбітшілік туы берік қолда” тақырыбындағы Н.Киікбаев мектеп-гимназиясы ұжымы қойған қойылым ел көңілінен шықты.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген аудан әкімі Олжас Баққараев жиналғандарды мерекемен құттықтап, басты байлығымыз-халқымыздың татулығы мен ел ішіндегі тұрақтылық екенін атап өтті.

Мереке барысында аудан басшысы Қазақстан халқының бірлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, ауданды ұлтаралық достықты нығайту, халықтар арасындағы татулық пен түсіністікті дамыту жолындағы ерен еңбегі үшін аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қыдырәлі Ораловты, аудандық күрд этномәдени орталығының жетекшісі Исманалы Алиевты, Бурыл ауылдық түрік мәдени орталығының төрағасы Вагиф Халиловты, зейнеткер, білім саласының ардагері Зара Ахметованы, аудандық медиаторлар қауымдастығының жетекшісі Ғайни Көшекбаеваны, “Архыз” республикалық қоғамдық бірлестігі Бірлік-қарашай-балкарлардың Жамбыл филиалы қоғамдық аналар кеңесінің төрайымы Раиса Хуртуеваны «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар аудандық “Ахыска” түрік этномәдени орталығының мүшесі Мехия Раджамовқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын, “Өнер мектебі” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынында фортепиана сыныбының педагогі Виталий Першинге, Сарыкемер ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Шамша Жұмабаеваға, тағы бірнеше азаматқа, сондай-ақ түрік, орыс, неміс, кәріс, балкар, өзбек, моңғол этносының өкілдеріне аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Құрметке ие болғандар атынан сөз алған түрік және кәріс этномәдени орталықтарының жетекшілері Мехия Раджамов пен Наталья Шин өздеріне көрсетілген ілтипатқа алғыстарын білдірді.
Бірлік мерекесінің ажарын арқан тарту, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар келтіріп, топ жарған жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.

Шара одан әрі аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі өнерпаздары мен түрлі этнос өкілдерінің мерекелік концертіне ұласты. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы ауызбіршілік пен қоғамдық келісімді ұлықтаған әуелеген әсем ән мен түрлі биді тамашалаған жұртшылық көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.