«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖАЙЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖАЙЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – облыс әкімдігі білім басқармасы­ның басшысы Мейірхан Өмірбек.

– Мейірхан Азатұлы, алғашқы сұрағымызды жаңа оқу жылынан бастасақ. Биыл қанша оқушы мектеп табалдырығын аттады? Қанша жаңа мектеп ашылды?
– Жаңа оқу жылында облысымыздағы 499 мектепке 246 373 оқушы келді. Оның ішінде 1-сыныпқа 23 819 бала қабылданып, алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Биыл 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 9 мектеп пен 5 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде осы жылдың 1 қыркүйегінде, яғни Білім күні Жамбыл ауданының Шоқай ауылындағы 150 орындық мектеп ашылып, ел игілігіне берілді. Қалған 8 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылыстары жұмыс кестесіне және келісімшартқа сәйкес алдағы қараша, желтоқсан айларында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал 11 нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады. Оның 8-і мектеп, үшеуі мектепке қосымша ғимарат.
– Үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан толық шешіледі?
– Үш ауысымда оқытатын Меркі ауданында 2 мектеп болса, Қордай ауданында және Тараз қаласында 1 мектеп тіркелген. Бұл мектептердің мәселесі 2023-2024 жылдары шешіледі. 2 мектептің мәселесі қосымша құрылыс есебінен, 2 мектептің мәселесі «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде шешіледі деп жоспарланып отыр.
– Осы тұста «Жайлы мектеп» жобасы жайлы айтып өтсеңіз?
– 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 500 орындық 12 мектеп (Байзақ ауданында – 1, Жамбыл ауданында – 1, Қордай ауданында – 3, Меркі ауданында – 1, Шу ауданында – 2, Тараз қаласында – 4) салу жоспарлануда. Жоспарға сәйкес 2024 жылы 7 мектеп, 2025 жылы 5 мектеп пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» жайлы болуы керек. Себебі бұл жоба бойынша салынатын мектептердің басты ерекшелігі сол, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спортзалдар болады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға да тиісті жағдайлар жасалмақ. Спортзалдар мәселесі шешіледі. Қазіргі таңда біраз мектептерде таңғы сағат 8:00-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спортзал болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалмақ. Жайлы мектептердің құрылысын жүргізудегі тағы бір ерекшелік – құрылысы толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақмерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынатын мектептер қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді деген сенімдеміз. Яғни бұл мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша көңіл бөлінетін болады. Атап айтсақ, мектептерде балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр.
– Облысымызда шалғай ауылдардан мектепке автобуспен қатынап оқитын оқушылар да бар екені жасырын емес. Осы тұста балалардың тасымалдану жағына тоқталсаңыз?
– Биылғы оқу жылында тиісті мектебі жоқ елді мекендерден 7 647 бала мектептерге және кері қарай күнделікті тасымалдануда. Мектеп оқушыларын тасымалдайтын 117 автобустың 39-ы білім бөлімінің, 19-ы мектептің, 59-ы кәсіпкерлердің меншігінде. Автобустардың барлығы техникалық байқаудан өткен. Барлық жүргізушілерде «Д» категориясы бар. Автобустардың барлығы медициналық көмек қобдишаларымен, өрт сөндіру құралдарымен, апаттық жағдай белгісімен, «Абайлаңдар, балалар!» белгілерімен, арнайы жарық және дыбыстық сигналдарымен жабдықталған.
2023-2024 жылы 842 миллион теңгеге балалар тасымалдау үшін лизингпен жаңа 14 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен тиісті келісімшарттар жасалып, жылдың соңына дейін автобустар Тараз қаласына жеткізіледі деп күтілуде.
– Мейірхан Азатұлы, өзіңіз білесіз, қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы оқушылардың бір-біріне әлімжеттік көрсетуі жиі орын алуда. Ал облысымыздағы жағдай қандай? Балалар арасында кемсіту оқиғасы орын алатын болса, қандай шаралар қолданылады?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау бойынша тиісті жоспар жасалып, орындалуда.
Атап айтар болсақ, кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мақсатында облыстың барлық мектептері «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесіне қосылды. Аталған ақпараттық жүйенің QR-кодтары облыс мектептеріне ілінді. Бұл – «IT Group Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пилоттық жобасы.
Осы жылдың 28 тамызынан бастап «Komek Stop Bullying Jambyl» «Telegram» каналы жұмыс істейді. Онда балалар кімдердің буллинг жасайтынын, ақша бопсалау, қысым көрсету фактілерін жазып көрсете алады, ақпарат беруші туралы мәлімет анонимді болғандықтан балалар өз ойларын еркін жаза алады. Аталған «Telegram» каналға облыстық прокуратура, полиция департаменті, білім басқармасының, білім бөлімдерінің жауапты мамандары қосылған.
Буллингтің, әлімжеттік оқиғаларының алдын алуда мектеп психологтарының рөлі зор, оларға үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан олардың жұмысына жағдай жасауымыз керек.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», деп атап көрсетті.
Осыған орай мектеп психологтарының жұмысын автоматтандыру және психологиялық көмекті қажет ететін оқушыларға дер кезінде көмек көрсету мақсатында облыс мектептері HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесіне қосылды. Бүгінгі күні мектеп психологтарын аталған жүйемен жұмыс істеу тәртібі бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылуда.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс бойынша облыстық прокуратура, ішкі істер департаменті мен білім саласы қызметкерлерінің 1 224 өкілінен құрылған 91 мобильдік топ жұмыс істейді. Бұдан бөлек Тараз қаласындағы 21 колледжде 63 мүшеден тұратын 7 мобильдік топ құрылған. Облыс әкімдігі, облыстық прокуратура, полиция департаменті арасында Жол картасы бекітілген.
– Соңғы уақытта оқушылардың мектепке орамал тартып баруы қызу талқыға түсіп жатыр. Осы мәселеге байланысты сіздің пікіріңізді білгіміз келеді.
– Облыс әкімдігі ішкі саясат, дін істері, білім басқармалары арасында «Облыстың білім беру ұйымдарында оқушылардың мектеп формасын сақтау бойынша оқушылар мен ата-аналар арасында жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың 2023-2024 оқу жылына арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Шара аясында ҚР заңдарын түсіндіру бойынша ата-аналарға түсіндіру парақшалары мемлекеттік және орыс тілінде әзірленіп, жолданды. Сонымен бірге мектеп формасын сақтамайтын барлық ата-аналармен әңгімелесулер жүргізілді. Заң талаптары түсіндірілді.
Сондай-ақ облыс әкімдігі білім басқармасының «Орта білім беру ұйымдарында мектеп формасына қойылатын талаптар туралы» хаты жолданды.
Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген.
ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабы, 7-тармағына сәйкес ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ. Аталған Заңға сәйкес Қазақстан Республикасындағы білім беру және тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады.
Еліміздің заңнамасында мектеп формасына қойылатын талаптарды орындау бойынша ата-аналарға және оқушыларға нақты міндеттер жүктелген.
ҚР «Білім туралы» Заңының 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Сонымен қатар өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті.
Ата-аналар ҚР «Білім туралы» Заңының 49-бабы, 2-тармағының 3-тармақшасында көзделген білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, 6-тармақшасында көзделген білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, 7-тармақшасында көзделген білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №93 бұйрығымен «Орта білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шарты» бекітілген.
Ата-ана мен мектеп арасында жасалатын шартта ата-аналар міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға сәйкес мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілген. Мәселен, ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы керек. Ал қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка) киюі керек. Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы керек.
Қолданыстағы заңнама бойынша, мектеп формасын енгізу мәселесі білім беру мекемесінің құзыретіне жатады. Білім алушылармен және олардың ата-аналарымен қатынастарды, оның ішінде мектеп формасына қатысты мәселелерді реттеу тәртібі білім беру ұйымының Жарғысымен және ішкі тәртібімен реттеледі.
Жоғарыда көрсетілген заң талаптарына бойынша, мектеп оқушыларына мектепке орамал тағып, кимешек киіп келуіне рұқсат етілмейді.
Ата-ана бұл талапты орындамаған жағдайда ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 409-бабының (409-бап. Қазақстан Республикасының білім беру, денешынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу) 2-тармағына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады, яғни ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады.
– Соңғы кезде облысымызда жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Оларға балаларын сеніп беретін ата-аналар да көбеюде. Мұндай білім ошақтарының сапасы жалпы қала рейтингіне іліне ме? Сапаны кім қадағалайды?
– Мемлекеттік мектептердегі оқушылардың орын тапшылығын жою мақсатында 2018 жылдан бастап облысымызда жекеменшік мектептер ашыла бастады. Жыл сайын жекеменшік мектептердің саны артуда. 2018 жылға дейін облыста 3 жекеменшік мектеп жұмыс істесе, бүгінде жекеменшік мектептердің саны 45-ке жетті.
Жекеменшік мектептер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы орталығы арқылы қаржыландырылады. Олар жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде жұмыс істейді.
ҚР «Білім туралы» Заңының 5-бабының 32-тармағы бойынша, барлық білім беру ұйымдарында меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру саласындағы заңнамасының және нормативтік-құқықтық актілерінің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуын жүзеге асырады. Жекеменшік мектептердегі білім сапасы мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуын қадағалау облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің тарапынан жүзеге асырылады.
– Кейде сол мемлекеттік мектептерде жұмыс істейтін ұстаздар оқушыларды ақылы түрде жеке де оқытып жатады. Жалпы ақылы мектептер мен мемлекеттік мектептердің айырмашылығы неде?
– Ақылы мектептердің мемлекеттік мектептерден аса бір айырмашылығы бар деп айта алмаймыз. Екі білім беру ұйымына да мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуы жүктелген. Бәрінің оқитын оқулықтары да бір. Жеке мектеп болсын, жалпы мектеп болсын ұстаздар қауымы баланы оқыту үшін бар күш-жігерін аянып қалмайды.
Мектептерде баланың мүмкіндіктерін танып, оның тынысын ашу жолға қойылғанымен жекелеген бағытта қызмет көрсету мүмкіндігі бола бермейді. Сол үшін де мұндай мектептер жалпы білім беру ұйымы деп аталады.
Ал жекеменшік мектептерде ақылы түрде қосымша сабақтар өткізу, ұзартылған күнге қалдыру (продленка), баланы үйіне дейін жеткізу қызметі көрсетіледі.
– Мектепке дейінгі білім ошақтарының да жаңалықтарымен бөлісе кетсеңіз. Тәрбиешілердің жалақысының өсетіні рас па?
– Бүгінгі күні облыста 573 мектепке дейінгі ұйымда 60 мыңға жуық бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Мектепке дейінгі тәрбие саласындағы жаңалықтарға келсек, ҚР Президентінің 2022 жылғы Жарлығымен бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 77-тармағына сәйкес мектепке дейінгі білім мекемелеріндегі әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11 326 баланы биылғы 1 қыркүйектен бастап тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 425 миллион 678 мың теңге қарастырылды.
Бүгінгі күні министрлік тарапынан балабақшалардағы орындарды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін облыстардағы электронды кезектер республика бойынша бірыңғай базаға енгізіліп, біріктірілу жұмысы жүргізілуде. 2023 жылы облыста аталған жүйені пилоттық жоба ретінде енгізу жоспарланған. Осыған орай мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын дербестендірілген қаржыландыру (ваучерлік) арқылы орналастыру көзделген.
Сонымен қатар тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатында 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еңбекақысы 30 пайызға өседі.
– Ал облыста ұстаздар тапшылығы бар ма?
– Облысымыздағы 446 мектепте 2023-2024 оқу жылында 26 331 педагог қызметкер жұмыс істейді. Жыл сайын облыс мектептеріндегі педагог кадрлардың тапшылығына мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Биыл тамыз айында облыстағы білім беру ұйымдарына 310 маманға, оның ішінде орыс сыныбына бастауыш сынып мұғалімі, ағылшын тілі, орыс тілі, математика, физика, химия және тағы да басқа мамандықтар бойынша қажеттілік туындаған болатын. Сонымен қатар білім басқармасы түлектердің жұмысқа орналасуына көмек беру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен жасалған меморандум аясында бітіруші түлектерді ауыл мектептеріне тарту жұмыстары бойынша жоғары оқу орындарының басшыларымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізуде.
2023 жылдың 1 тамызынан бүгінгі күнге дейін «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогінің бос және уақытша бос лауазымына тағайындау конкурстары өткізілуде.
Қазіргі таңда облыстағы білім беру ұйымдарына 133 маманға, оның ішінде орыс сыныбына бастауыш сынып мұғалімі, ағылшын тілі, орыс тілі, математика, физика, химия, тағы да басқа мамандықтар бойынша қажеттілік туындап отыр.
«Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының 99-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогінің бос және уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады.
Қағиданың 105-тармағының тәртібімен білім беру ұйымының және тиісті деңгейдегі білім беруді басқару органының интернет-ресурсында немесе әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында және мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланады.
– Ұстаздарға көрсетілер құрметпен қатар, қойылар талап та көп. Бүгінгінің мұғалімі қандай болуы керек? Облыстың бас ұстазы ретінде пікіріңізді білгіміз келеді.
– Қай ғасырда болса да ұстаз ұлы тұлға болып қала бермек. Дегенмен бізді қоршаған әлем үнемі өзгеріп отырады. Біз де өзгереміз. Мұндай өзгеріске балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер де дайын болуы керек. Жас ұрпақпен жұмыс істей отырып, мұғалімдер оқушылармен байланыс орнатуға және олардың тікелей жұмыс міндеттерін мүмкіндігінше тиімді орындауға көмектесетін белгілі бір жеке және кәсіби қасиеттерге ие болуы тиіс.
Бәріміз білетіндей, ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның және ғылымның дамыған заманы. Заман кез келген адамнан әмбебап болуды талап етеді. Оның ішінде мұғалімдер де заман ағымынан қалмауы тиіс деп есептеймін.
Ең бастысы, қазіргі мұғалімнің бойында білімді болуымен бірге мінезінде сабырлылық және ұстамдылық қасиеттері жоғары болу керек деген пікірді үнемі айтып отырамын. Қандай жағдай болса да мұғалім өзінің беделін түсірмеуі қажет. «Педагог мәртебесі» заңымен қорғалып жатқанымен де мұғалім беделі әр ұстаздың өзіне байланысты. Қоғам өміріндегі кездесетін келеңсіз жайттарға да, әсіресе әлеуметтік желідегі саяси тақырыптарға ұстаз өзінің үлкен білім иесі екенін, зиялы қауым өкілі ретінде әртүрлі алыпқашпа әңгімелерге терең біліміне сүйене отырып жауап беру керек деп ойлаймын. Бүгінгі қоғам алдында өзінің беделін әрқашан биіктен көрсете білуі қажет. Себебі ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелеуші тұлға. Мектепте оқушылар өзінің ұстазына қарап бой түзейді, ұқсағысы келеді. Осыны естен шығармаған жөн.
Сондай-ақ мұғалім – кәсіби маман болуы тиіс. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі оның кәсіби қажеттілігімен анықталады. Қазіргі мұғалімнің айрықша ерекшеліктері – оның үнемі өзін-өзі жетілдіруі, өзін-өзі сынауы, эрудициясы және жоғары жұмыс мәдениеті. Өзін-өзі тәрбиелеу қажеттілігінсіз мұғалімнің кәсіби өсуі мүмкін емес. Мұғалім қол жеткізген нәрсеге ешқашан қанағаттанбауы керек. Бұл өте маңызды. Сондай-ақ алға ұмтылу да өте маңызды. Өйткені мұғалімнің жұмысы – шексіз шығармашылықтың көзі.
«Егер болашақтың өзгеруін қаласаң, өзің қазіргі сәттің өзгерісі бол» деп бекер айтылмаса керек. Ағысы күшті қоғамның талабына сай болу – әр ұстаздың міндеті деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА
28.09.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 35
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 81
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 27
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 35
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 40
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 35
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 75
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 81
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 275
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 271
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 892

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8969
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8363
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11589
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9347
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10573