Оралда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі Донеділ Қажымовтың шығармашылығына арналған халықаралық «Ақ Жайық – ару мекенім» ән байқауы өтті.
Әнші-сазгер Д.Қажымовтың 70 жасқа толған туған күнімен орайлас өткен өнер додасын Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұйымдастырды. 9-10 қазан күндері өткен байқауға еліміздің Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай облыстарынан, Астана, Шымкент, Атырау қалаларынан, Батыс Қазақстан облысы аудандары мен жергілікті Орал қаласынан келген 21 үміткер қатысты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ән байқауының мақсаты – қазақ әндерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Донеділ Қажымовтың шығармашылығын келер ұрпаққа жалғастыру, елдің рухын биіктету, ән өнерін дамыту және жас талантты орындаушылардың жаңа есімдерін таныту.
Екі күнге созылған байқаудың қорытынды кешінде сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев 70 жасқа толған өнер иесі, сазгер Донеділ Ізмағамбетұлын мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. – Жерлесіміз Донеділ Қажымов – туған жерін әуезді әндерімен тербеп, халқының тарихы мен дәстүрін сазды әуендерімен өрнектеп келе жатқан өнер майталманы. Атақ-абыройыңыз, дәрежеңіз жоғары Сіздей азаматты өнерсүйер халық табиғи болмысымен жақсы көреді. Ерекше қойылған есімі де қос алып өзен секілді көңілінің кеңдігін көрсетіп тұрғандай. Сізден әлі де әдемі әндер күтеміз. Бүгінгі шараға келген өнерпаздарға да алғыс білдіремін, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Өз кезегінде мерейтой иесі ән байқауын ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыс әкіміне ризашылығын жеткізді.
Өнер байқауының қорытындысы бойынша бас жүлде астаналық Армат Амандықовқа бұйырса, жүлделі бірінші орынды батысқазақстандық жерлесіміз Тарас Жауынбаев иеленді. Қалған жүлдері орындар мен номинация иегерлерінің және дипломанттардың да есімдері белгілі болды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Жеңімпаздардың есімдері белгілі болған гала концерт «Донеділ достарын шақырады» атты кешпен жалғасты. Бұл кеште Қазақстан композиторлары мен мерейтой иесінің шығармалары орындалды. Сонымен бірге дирижер, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетовтің жаңа «Шашу» күйін Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі орындаса, әнші Ербол Ақбасовтың орындауындағы «Маэстро» атты жаңа әнді де көрермен ыстық ықыласпен қабылдады.