Жамбыл облысындағы 43 мектеп пен бір мәдениет үйіне тарихи тұлғалардың есімі берілді
Жамбыл облысындағы 43 мектеп пен бір мәдениет үйіне тарихи тұлғалардың есімі берілді. Бес министрліктен келісім алынғаннан кейін ұсыныс қаулысы Үкімет отырысында мақұлданды.
Нұрдос Болатұлы, тілші:
Өткен жылы облыстық тілдерді дамыту басқармасы нысандарға қайта атау беру бойынша өңірде зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Жалпы 44 ұсыныс түсіп, облыс әкімдігі мен мәслихат шешімі үкімет жанындағы республикалық ономастика қарауына жіберілді. Нәтижесінде Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров және Шерхан Мұртазаның мерейтойлары құрметіне, Алаш және қоғам қайраткерлерінің, атақты композиторлар мен ғалымдар, ақын-жазушылардың есімдері 43 мектепке берілді. Ал, Жамбыл ауданындағы мәдениет үйі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталатын болды. Берілген ұсыныстардың басым бөлігін аудандар жолдаған.
Ақтолқын Есқалиева, облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің бас маманы:
Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасына 2021 жылы нысандарға атау беру, қайта атау бойынша Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Сарысу аудандары мен Тараз аласынан 44 ұсыныс түсіп құжаттары зерделенді. Жиырма бірінші жылдың 7 желтоқсанында республикалық ономастика комиссиясында қаралып, оң қорытынды шығарылды.
Қазіргі таңда аталған нысандарда құжаттарды рәсімдеу жұмыстары басталып, тарихи тұлғаға арналған бұрыштар әзірленуде. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, жаңа ұсыныстар зерделенбек.