Кездесу барысында инвесторлар тарапынан ұсынылған Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) ірі демонстрациялық «ZKS» жобасының құрылысын жүзеге асыру жоспары талқыланды. Ван Фей мырзаның айтуынша, жоба екі кезеңге негізделген. Олар бойынша жел және күн көздерінен энергия өндіретін стансалар салу көзделген. 2020-2023 жылдарға арналған бірінші кезеңде қуаттылығы 900 МВт (ЖЭС – 500 МВт, КЭС – 400 МВт) болатын жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Екінші кезең ( 1100 МВт) бойынша жалпы қуаттылықты 2 ГВт-қа дейін жетеді деп күтілуде.
Құрылыс кезінде 3000-ға дейін жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделсе, жоба іске асқан соң 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Негізінен жергілікті кадрларды дайындау, оқытуға көңіл бөлінбек. Жамбыл өңірінің табиғи ресурстарының әлеуеті жоғары екенін тілге тиек еткен инвесторлар қажетті жер аумағын қарастыру жөнінде көмек сұрады.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдаулар көрсетілетінін, мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Кездесуде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылатын жұмыстар туралы да айтылды. Алдағы уақытта өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалмақ.
Айта кету керек, аталған компаниямен бұған дейін Сарысу ауданында қуаттылығы 100 МВт болатын жел электр стансасы салынған болатын.